«Nur Otan» белсенділері «Үшарал» автобекетінің қызметкерлерімен кездесті

Dalanews 30 желт. 2020 14:42 215

Әлеуметтің әлеуетін көтеру және мемлекеттік дамуды жеделдету мақсатында «Nur Otan» партиясы тарапынан жүзеге асқан талай елеулі жұмыстар 30 жылға жуықтаған тәуелсіздік тұғырының теңселмеуіне өзіндік септігін тигізгені анық. Бұл жұмыстар легі алдағы уақыттарда да өз бағытынан танбай, атқарыла беретіні сөзсіз.

Алдағы айқын мақсаттар мен міндеттерді сайлаушыларға насихаттау мақсатында «Nur Otan» партиясы өңірімізде біршама шараларды қолға алуда. «Есіктен есікке» акциясы аясында карантиндік талаптарды сақтай отырып, ашық аспан астындағы кездесулер, экспромт жиындар өтуде. Бұның барлығы сайлау науқанында сенім мен елдің оң пікірін жинауға бағытталған істер.

Осындай басқосудың бірі «Үшарал» автобекетінің қызметкерлерімен өтті. Аталған мекеменің 30-ға жуық қызметкерлері мен сайлауалды штаб мүшелері бас партияның бағдарламаларын түсіндіріп, сауалдарына жауап берді.

Сөз алған «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Көкебаев: «2020 жыл біз үшін үлкен сынақ жылы болды. Коронавирустық пандемия біздің өмірімізді, басымдықтарды өзгертті, көптеген мәселелерге басқаша қарауға мәжбүр етті және біздің мемлекетіміздің басты құндылығы – адамның өмірі мен денсаулығы екенін тағы бір дәлелдеді.

Қазақстан, әлемнің басқа елдері сияқты, ұзақ мерзімді карантинге және шектеу шараларына байланысты үлкен қиындықтарға тап болды.

Осы сын-қатерлерге қарамастан, «Nur Otan» партиясы экономиканы дамытудың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін, жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру, біздің ауданды өмір сүру үшін қауіпсіз әрі жайлы ету үшін бар күш-жігерін салады. Біз бұған қалай қол жеткізуге болатынын нақты білеміз!

Бізді ортақ бір мақсат біріктіреді – әр  тұрғынның өмір сүру деңгейін арттыру.

Бүгінде барлық азаматтар партиядан нақты мәселелерді шешуді және бастамаларды ілгерілетуді күтуде. Ол үшін біз жүйелі партиялық қайта жүктеуді және партия ішіндегі ашық сайлауды – праймериз өткіздік.

Партия барлығы үшін ашық! Біз Сіздердің сындарлы ұсыныстарыңызды қолдауға дайынбыз және өзара тиімді ынтымақтастыққа үміттенеміз»,- деп, жиналғандарға партия бағдарламасының басым бағыттары жайында мәліметтер берді.

Сонымен қатар: «Туризм – COVID-19 пандемиясына байланысты аудан экономикасының ең көп зардап шеккен саласы. Алакөл көлінің жағалауында 249 демалыс аймағы жұмыс істейтінін ескерсек, басқа елдермен шекаралардың жабылуы ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік берді. Осы ретте партия бағдарламалары ауданның тірек саласын дамытуға өз тарыпан керекті жұмыстарды атқаруға әзір. Себебі аудан атағына атақ үстеп отырған туризмге деген жіті көңіл кемел келешекке қарай басқан қарымды қадам деп білеміз»,- дей келе, автобекет қызметкерлерінің ауданның туристік әлеуетін дамытуға қосар елеулі үлесі бар екенін айтып өтті. Осы ретте бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек ету жетістікке бастар төте жол екендігін жеткізді.

Н.ИДРИСОВА, Алакөл аудандық «Nur Otan» партиясы сайлауалды штабы ұйымдастыру жұмыстарының кеңесшісі.

(Материал ақысы «Nur Otan» партиясының Алматы облысы Алакөл ауданының Сайлау қорының есебінен төленді)

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x