Алматы облысында «Самғау» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Dalanews 11 желт. 2020 07:57 260

«Арқалағаны алтын, жегені жантақ». Бұл тілші қауымға қаратылып айтылатын сөз тіркесінің астарындағы ақиқаты қалам ұстаған қауымның бар ғұмырын айшықтап тұрғандай. Сансыз жылдары жұрттың жоғын түгендеумен өтетін журналистердің еңбегінің еленетін күні сирек.

Ал, Жетісу өңірі аталған олқылықтың орнын толтырды. Ол жылсайын өтетін Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін журналисттер арасындағы «Самғау» байқауы.

Тілшілер додасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын Қазақстан мемлекеттілігінің негіздері ретінде дәріптеу, облыс аумағында Тәуелсіздік жылдарында ақпараттық-имидждік жетістіктерін жария ету, және «Рухани жаңғыру», «Covid-19» сондай-ақ мемлекет басшысының басқа да тапсырмаларын жариялауды нысанаға алған.

Тұлпардың тұяқтысы ғана шыдайтын аламан бәйгені ұйымдастырушылар Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы.


Жетісудың жауһарларын тізіп, жетістігін жазып, сара жолын саралайтын сұрмергендер ақпарат таратудан артта қалған емес. Өңірлік БАҚ өкілдері қашанда ақпарат майданының алғы шебінде. Олар Жетісу өлкесінің жемісі мен жеңісін бұқараға жеткізіп, қоғамдағы кемшіл тұсты дөп басып айтып жүр.  Облыс әкімінің қолдауымен өткен әрбір жаңа бастама қашанда баспасөз бетінде. Бұл да журналистердің табанды еңбегінің көрінісі.

Биыл Алматы облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бастау алған болатын. Оның іске асуы барша жұрттың назарында болды.

Осы ретте аталған жұмыстарды насихаттауға үлес қосқан қаламды жауынгерлердің қалтқысыз қызметін мойындамасқа болмас. Сонымен қатар, Көксу, Ақсу қант зауыттарының жаңа маусымға дайындығы да көгілдір экранда көрсетілді.  Ауа-райының қолайсыздығына, тағдырдың тосын сыйына қарамастан өлкенің өркендеуі жолында атқарған жұмыстары елеусіз қалмайды. Барлығы ел есінде.

Сондай-ақ, шалғайдағы елді мекендерге барып, ақжолтай хабарды бұқараға бірінші жеткізуге тырысты. Оған дәлел, облыс аумағында ашылған түрлі маңызы бар әлеуметтік нысандарды қолданысқа бергенде таңмен таласа ақпар таратқандығы.

Олардың мұндай еселі еңбектерін аймақ басшысының орынбасары Рустам Әли де  бағалап отыр.


«Былтырғы жылдан бастап ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша кәсіби мереке – Қазақстан Журналистер күні ресми түрде бекітілді. Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда облыстық БАҚ-тарды қаржыландыру 25% - ға артты, Журналистер үйін материалдық-техникалық қамтамасыз ету айтарлықтай жақсарды.

Биылғы жылы журналистер эпидемиологиялық жағдайды ғана емес, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, әлеуметтік маңызды нысандардың ашылуы: жұқпалы аурулар ауруханасы, мектептер, амбулаториялар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, студенттерге арналған жатақханалар, тұрғын үйлер сияқты маңызды аспектілерді белсенді түрде жария етті. Мысалы, Олар Райымбек ауданында нысандардың, өңірдің барлық аудандары мен қалаларында сервистік әкімдіктердің ашылуын кеңінен жария етті.

Бүгінде облыстық "Жетісу" телеарнасы цифрлық форматта 87 хабар тарату станциясы арқылы облыстың барлық елді мекендерін 100% - ға қамтиды. Заманауи студиялар жабдықталған және іске қосылған, олардың ең үлкені 600 шаршы метр. Облыс әкімдігінің қатысуымен облыстық және республикалық БАҚ журналистері үшін Германия, Сингапур, Латвия, Грузия, Украина, Татарстанға блог-турлар ұйымдастырылды, бұл түрлі елдердің БАҚ өкілдері арасындағы екіжақты байланыстардың дамуына ықпал етті",– деді Рустам Әли.

Тұшымды ойы, пайымды көзқарасы бар тілші қауымның тіршілігі елдің алдында өтіп жатыр. Халық қалаулыларына айналған сайыпқырандардың «Самғауы» заңдылық.

Әдеттегідей, дәстүрден жаңылмай өткен байқауға жоғарыда сыйпаттаған, сөзден сұлу сарай соғып, халықтың өз бидайын өздеріне қуырып беріп жүрген жандар додаға түсті. Дарындылар топ жарды. Тілшілік тіршілікпен тыныстап жүргендер 11 аталым бойынша бағын сынады. Барлығы 118 өтініш келіп түскен.

Сайыс қорытындысы бойынша үздіктер лайықты тұғырына қонды.

Жіктеп айтар болсақ, «Үздік желілік басылым»  номинациясы бойынша  1-орынды «Қarasayinfo» желілік  басылымы алды. Ал,  «Үздік облыстық Vlog  (Алматы облысы бойынша бейне-блог)  немесе   (Үздік блогер») (Алматы облысы туралы пост) аталымынан     Мұхит Тоқтасын жүлделі бірінші орынға ие болды.

«Үздік бейне клип өндеуші» деп қазылар алқасы «Жетісу» арнасының режиссеры Ерлан Ұшақпаевті таныған. Жүлделі орыннан көрінушілердің қатарында «Жетісу» газетінің дизайнері Мөлдір Мұраталина да бар. Ол  «Баспа басылымның үздік дизайны, инфографика»  аталымы  бойынша лайықты тұғырына шықты. «Үздік тілші»  (аудан, қалалық баспа басылымдары) номинациясы бойынша «Кербұлақ жұлдызы» газетінің бас редакторы Ляйля Оналбаеваның бағы жанды.

«Үздік республикалық (халықаралық) тілшісі  Алматы облысы туралы ақпараттық материал) аталымында «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Әсет Қалымовтың аты оза шапты. Бұл кеште  «Үздік  фотосуретші» деп  «Заман жаршысы газетінің» фототілшісі Ерлан Әлиасқаров танылды.

«Үздік оператор»   (бейнематериал)  аталымы бойынша жүлде «Жетісу» арнасының операторы Шалқар Құсайыновқа бұйырды.

«Мен өте қуаныштымын және жеңімпаз атану мен үшін үлкен мәртебе. Менің жеңісімді ортақ ұжымның жеңісі  деп санаймын. Облыс басшылығына бізге көп көңіл бөлгендері үшін үлкен рахмет. Біз өз материалдарымызда өңірдің өмірін көрсетуге тырысамыз, - деді Жетісу телеарнасының операторы Шалқар Құсайынов.

Тынымсыз тіршілікті таңдаған қауымның ішінде «Үздік тележурналист» ретінде өзгелерден ісі озған журналист «Жетісу» арнасының редакторы Сәния Байтарова болды.  «Үздік журналист» аталымында «Айқын газетінің» тілшісі Болатбек Абаған топ жарды.

«Облыстық журналистика саласына қосқан үлесі үшін (ардагер журналист)   номинациясы бойынша «Спорт» республикалық газетінің меншікті тілшісі Мәулетхан Ақсанов жүлдеге лайық болды. Осылайша,тілшілер атқарған ісіне қарай өзара жүлдені бөлісті.

Расында, қоғам мен биліктің арасында алтын көпір орнату оңай емес. Десе де, өз ісінің хас шеберлері, талантты қыз-жігіттер бұл үдеден шығып келеді. Мұнысы туған елге деген махаббат пен мамандығын шексіз сүйгендігінің айқын көрінісі. Журналистерге арналған жүлдені қанжығасына байлағандар биік шыңға көз тіккен ұлы дала қырандары. Олар жасампаз елмен бірге жаңа белеске көтеріліп келеді. Соның арқасында тиісті тұғырына тұрақтады.

Анар Қонысова 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x