Алматы облысын мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың көрсеткіші

Dalanews 09 қар. 2020 06:29 1347

Тағдыр тәлкегіне тап болған көптеген ұлттар қазыналы қазақ жерінен пана тапқаны белгілі. Мұндай жағдай сталиндік қуғын-сүргін жылдары белең алғанын тарихтан жақсы білеміз. Қуғын-сүргіннің салдарынан Қазақстанға түрлі жағдаяттармен келген ұлттардың саны жүздеген мыңға жетті. Меймандос қазақ халқы өз жерінен қуылған этностарды өзекке теппей, бәрін ет жақын ағайынындай бауырына тарып, достық пейілін көрсетті. Әр ұлттың өзіне тән тұрмыс тіршілігі, мәдениеті, тілі мен діні бар. «Өзге ұлтсың» деп бөліп тастамай, қашанда қонақжай атанған қазақ ұлты мен кең байтақ қазақ жері оларды өз құшағына алды. Жері еңбек етуге қолайы Жетісу жеріне де көптеген өзге ұлт өкілдері қоныс аударылды. 

Алматы облысында соңғы халық санағының мәліметі бойынша 105 ұлт пен ұлыс өкілдерінің тұратынын байқауға болады. Олардың ішінде облыс көлемінде өтіп жатқан әлеуметтік және тілдік процестерде қомақты рөл атқаратын этностар бар. Бұл облыс тұрғындарының 67,7 пайызын құрайтын қазақтардың өзі, 16,9 пайызы орыстар және үлес салмағы 8,0 пайызға жететін ұйғырлар. Облыс тұрғындарының қалған бөлігін әртүрлі этностар құрайды. Олардың ішінен сандық үлесі жағынан алғашқы ондыққа кіретіндерге: түріктер – 2,0 пайыз (35599 адам), кәрістер – 0,9 пайыз (16627 адам), әзірбайжандар – 0,8 пайыз (14881 адам), күрдтер – 0,7 пайыз (13517 адам), татарлар – 0,7 пайыз (13513 адам), немістер – 0,5 пайыз (8709 адам) және украиндар 0,4 пайыз (6458 адам) жатады. Облыс тұрғындарының қазақтардан өзгесінің барлығы бұрынғы одақтық республикадан келгендер, ал кейбіреулері сырт елдердегі ірі және аз санды халықтардың өкілдері болып табылады.

2009 жылғы халық санағының мәліметі бойынша Алматы облысындағы барлық халықтың саны 1 807 894 адам, бұл республика халқының 11,7 пайызын құрайды. Оның ішінде 886 365 ер адам, яғни облыс халқының 49,0 пайызын құраса, 921 529 әйел адам, облыс халқының 51,0 пайызын құрайды. Облыс халқының 76,9 пайызы (1 391 036 адам) ауылдық жерде, 23,1 пайызы (416858 адам) қалада тұрады.

Соңғы халық санағының мәліметі бойынша Алматы облысында 1223181 қазақ тұрады. Қазақ халқы осы Қазақстан жерінде ерте заманнан өзінің «ел» деп аталатын төл мемлекетін құрып, оның тәуелсіздігі мен дербестігін сақтауда «мың өліп, мың тірілген» бірден-бір ұлт болып табылады. Қазақтар бүгінгі таңда көпэтносты республика халқының жартысынан астамын ( 63,1 пайызын) құрайды, яғни кең байтақ Қазақстан жерінде қазақ кездеспейтін жер жоқ. Айталық, зерттеу нысаны болып отырған бір ғана Алматы облысының өзінде қазақтар 16 ауданның 15-інде және облысқа қарайтын 3 қаланың 2-сінде басым көпшілікті құрайды. Тек бір қалада (Текелі қаласында орыстардан кейінгі екінші орынды алады. Орыстар – 48,8 пайыз, қазақтар – 43,2) және бір ауданда (Ұйғыр ауданында ұйғырлардан кейінгі екінші орынды алады. Ұйғырлар – 55,5 пайыз, қазақтар – 42,3 пайыз.).

Облыста саны жағынан екінші орынды алатын ірі этнос – орыстардың 37,2 пайызы ауызша түсінемін, 10,4 пайызы еркін оқи аламын және 7,7 пайызы еркін жаза аламын деп мәлімдейді. Саны жағынан үшінші басымдыққа ие ұйғырлардың 96,7 пайызы ауызша түсінетінін, 75,3 пайызы еркін оқи алатынын, 65,7 пайызы еркін жаза алатынын көрсетеді.

Осыған қарағанда, қазақ тілін меңгеріп, оның мемлекеттік мәртебесін жүзеге асыруда барынша атсалысып, тікелей көмекті қазақ халқына туыстас этнос өкілдері көрсетеді. Олардың ішінде бірінші кезекте қарақалпақтарды (100%), қырғыздарды (98,3%), түрікмендерді (96,3%), түріктерді (97,7%), өзбектерді (93,9%), башқұрттарды (92,9%) айтуға болады.

Орыстар облыстың барлық аумағында кездеседі, алайда қоныстану жағдайлары біркелкі емес. Алматы облысында жалпы қазақстандық орыстардың 8,1 пайзы тұрады. Олардың басым көпшілігі, яғни 60,6 пайызы ауылда тұрса, қалған 39,4 пайызы қалада тұрады. Орыстардың ең шоғыр орналасқан жерлеріне Текелі қаласы жатады, онда олар барлық тұрғындардың 48,8% құрайды. Талдықорған қаласында – 25,3%, Қапшағай қаласы – 34,5 %. Сондай-ақ Қаратал ауданында -23,4 %, Талғар ауданында – 22,5%, Ескелді ауданында – 20,5%, Сарқанд ауданында - 18,0%, Қарасай ауданында – 17,5%, және Еңбекшіқазақ ауданында 15,6% орыс этносы тұрады. Ал ең аз қоныстанған жерлері Райымбек ауданы, онда олар барлық халықтың небәрі 0,2% құраса, Ұйғыр ауданында – 1,9%, Ақсу ауданы – 3,9 %, Панфилов ауданы 4,4% құрайды.

Халық санағының мәліметінде 15 жас және одан жоғары жастағылардың ішінде орыс тілін ауызша түсінемін дейтіндер 91,6 пайызды құраса, соның 84,3 пайызы еркін оқи аламын, 80,5 пайызы еркін жаза аламын деп көрсеткен.

Ал орыстардың өз этносының тілін сол жастағылардың 96,4 пайызы ауызша түсінемін, 95,4 пайызы еркін оқи аламын, 93,6 пайызы еркін жаза аламын деп мәлімдеген.

Ұйғырлар халықтың 8,0 пайызын құрайтын облыстағы үшінші ірі этностардың бірі. Олардың 87,4 пайызы ауылдық жерлерде қоныстанған, соның ішінде басым бөлігі Ұйғыр ауданында – 55,5%, Панфилов ауданында – 27,1%, Еңбекшіқазақ ауданында 18,6% тұрады. Қалалы жерлерде ұйғырлардың небәрі 12,6 % орналасқан.

Түріктер  облыс халқының 2,0 пайызын құрайтын көп санды диаспоралардың бірі. Түріктер де ұйғырлар сияқты ауылдық жерлерге қоныстанған. Олардың ауылда тұратыны – 76,7% болса, қаладағысы – 23,3%. Олар облыстың барлық аймағында бірдей кездесе бермейді. Олардың біршама тығыз қоныстанған жерлері – Еңбекшіқазақ ауданы – 5,0%, Қарасай ауданы – 5,0%, Талғар ауданы – 3,0%, Жамбыл ауданы – 2,0%, Іле ауданы – 1,5%. Қалған аудандар мен қалаларда олар өте сирек, санаулы түрде кездеседі.

Санақ қорытындысында түріктердің 15 жас және одан жоғары жастағыларының 89,0%-ы қазақ тілін ауызша түсінемін десе, соның 45,1%-ы еркін оқи аламын, 38,4%-ы еркін жаза аламын деп көрсеткен. Ал орыс тілін осы жастағылардың 97,6%-ы ауызша түсінемін, 92,7%-ы еркін оқи аламын, 90,0%-ы еркін жаза аламын деген.

Кәрістер облыс халқының 0,9 пайызын құрайды. Олардың 50,3 пайызы ауылдық жерде тұрса, 49,7 пайызы қалада тұрады. Қалалықтар мен ауылдықтар шамалас. Кәрістердің көп шоғырланған жерлері: Қаратал ауданы (8,3%), Талдықорған қаласы (3,1%), Қапшағай қаласы (2,4%), Текелі қласы (1,3%), Көксу ауданы (1,3%), Ескелді ауданы (1,1%).

Әзірбайжандар облыс халқының 0,8 пайызын құрайды, барлығы – 14 881 адам. Олардың басым көпшілігі ауылдық жерлерге қоныс тепкен, яғни 82,2% ауылда тұрады. Қалада тұратыны – 17,8%. Әзірбайжандар облыстың санаулы ғана аудандарында кездеседі. Олар: Көксу ауданы (3,3%), Қарасай ауданы (1,6%), Талғар ауданы (1,5%), Іле ауданы (1,5%), Еңбекшіқазақ ауданы (1,3%).

Облыстағы әзірбайжандардың 15 жас және одан жоғары жастағыларының ішінде 81,2%-ы қазақ тілін ауызша түсінетіндігін, 41,9%-ы еркін оқи алатынын, 35,8%-ы еркін жаза алатынын санақ қорытындысында мәлімдеген. Ал орыс тілін сол жастағы әзірбайжандардың 97,3% ауызша түсінемін, 91,1% еркін оқи аламын, 88,4% еркін жаза аламын деп көрсетіпті.

Күрдтер облыс халқының 0,7 пайызын құрайды. Олар Іле ауданында (2,3%), Қарасай ауданында (1,3%), Еңбекшіқазақ ауданында (1,2%) шоғыр қоныстанған. Басым бөлігі аулдық жерде – 87,3%, қалған бөлігі 12,7% қалаға орналасқан. Күрдтер ана тілін жақсы сақтаған этносқа жатады.

Татар диаспорасы да күрдтер сияқты облыс халқының 0,7 пайзын құрайды. Жалпы саны – 13 513 адам. Татарлардың 38,1%-ы қалада, 61,9% ауылдық елді мекендерге қоныстанған. Олар облыс қалалары мен аудандарына шашырай қоныстанған, барлық жерлерде жалпы тұрғындардың ішінде шамамен 5-6 орындарды алады.

Немістер облыс халқының 0,5 пайызын ғана құрайды. Барлығы – 8709 адам. Облыстағы неміс диаспорасының басым бөлігі, яғни 65,8% ауылдық жерде, қалған 34,2% қалалы жерде тұрады. Немістер зерттеліп отырған облыста, жалпы Қазақстанда өз ана тілін жоғалта бастаған диаспораларға жатады.

Міне, бұл Алматы облысындағы ұлттар мен ұлыстардың санына қатысты деректер. Алдағы жылдары елімізде халық санағы өтетінін ескерсек, бұл бағыттағы мәліметтерге бірқатар өзгерістер енетінін байқауға болады. Жалпы, Алматы облысындағы этностардың қоғамдық келісімді сақтап, ел бірлігіне қызмет етуі жоғары деңгейде. Барлық ұлт өкілдері ел дамуына үлес қосып, ортақ Отанымыз – Қазақстанды өркендетуді азаматтық парызы санайды. Олар пандемия кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық филиалының маңына топтасып, індетпен күреске белесене араласып, өздерінің азаматтық позициясын айқындап көрсетті. Осы бір жайттан-ақ Жетісу жерінде береке мен бірлік мықтап ұя салғанын бағамдауға болады.

Нұрлан ӘУБӘКІР

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x