Ахметов дәстүрден айныған жоқ. Шығыста 150 отбасыға баспана берілді

Dalanews 01 желт. 2020 10:23 147

Мереке қарсаңында Шығыс Қазақстанда әлеуметтік нысандар салтанатты түрде ашылды. Сонымен қатар, 150-ден астам отбасы жаңа үйлерде қоныс тойын тойлады.





Ұлттық ауқымдағы мереке мемлекеттің қалыптасуына қуатты серпін берген тарихи оқиғаны еске салады. Себебі, дәл осы күні 29 жыл бұрын қазақстандықтар алғаш рет бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде ел Президентін сайлағанын жақсы білеміз.


Көреген әрі дана саясатының арқасында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті экономикалық өркендеуге алып келді, ұлттық келісімді, тарихи және мәдени дәстүрлерді сақтап қалды. 




Жыл сайын Тұңғыш Президент күні қарсаңында елімізде салтанатты іс-шаралар өткізіліп, әлеуметтік және мәдени объектілер пайдалануға беріледі.


Шығыс Қазақстанда атаулы күн қарсаңында облыс әкімі  Даниал Ахметов облыс орталығында көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, сондай-ақ кезекте тұрғандарға 30 жаңа пәтердің кілтін табыс етті.




Курчатов қаласында 14 көп балалы ана жаңа пәтер кілтіне ие болды, әлеуметтік осал санаттағы тағы 16 отбасы Бесқарағай ауданында жаңа үйлерде тұруға мүмкіндік алды.


Зайсан ауданында 36 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлауда, олар үшін бір қабатты «Шығыс» бағдарламасы аясында үйлер салынды.




Мереке қарсаңында Жарма ауданы Жаңғызтөбе кентінің тұрғындары да қуанышқа кенелді. Онда ауыл клубы мен демалыс саябағы ашылды. Ал Тұңғыш Президент күніне орай Көкпекті ауданының тұрғындары үшін көптен күткен дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.


Бүгін, мереке күні, өңірде бірнеше спорт нысандары ашылды.


Абай ауданында, Қарауыл ауылында хоккей корты іске қосылды, онда балалар тек хоккей ойнап қана қоймай, коньки тебе алады. Сондай-ақ, жақын арада пайдалануға берілген спорт мектебі жұмыс істей бастайды.


Аягөз ауданы Ақтоғай кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жарма ауданының Бірлік ауылында жаңа спорт алаңы ашылды. Ұлан ауданы Мамай Батыр ауылында жаңа көпір пайдалануға берілді.




Катонқарағай ауданында 20 отбасы «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында, сондай-ақ қарыз алушылар есебінен салынған үйлердің кілттерін алды. Кішінарын және Майемер ауылдарында ауылдық клубтар, ал Үлкен Нарын ауылында Абай атындағы сквер ашылды.


Жарма ауданында кезекте тұрған 50 отбасы мерекеге орай жаңа пәтерлермен қамтамасыз етілді. Ал Бородулиха ауданында 4 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Алтай ауданында тұратын 6 отбасы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынған жаңа бір қабатты үйлерге қоныстанды.


Жалпы, биылғы жылы коронавирус пандемиясына қарамастан, Шығыс Қазақстанда мереке Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдындағы ерекше еңбегі мен жарқын істерін көрсете отырып, атап өтілді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x