"Жем зауыты, цемент зауыты". Баталов Алматы облысындағы инвестжобалар жайында айтты

Dalanews 04 қар. 2020 07:15 168

Алматы облысының инвестициялық қоржынында жалпы құны 5 трлн. теңгеден астам болатын 517 жоба бар. 

Бұл туралы бүгін Президент жанындағы ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Облыс аграрлық бағыттан бірте-бірте аграрлық-индустриалдық бағытқа өтуде, қазір өңдеу өнеркәсібінің үлесі 87% жетті.

- Біздің бүгінгі міндетіміз – Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес әртараптандырылған және технологияланған экономиканы қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізуде Трансұлттық копаниялар маңызды рөлге ие.

Трансұлттық компаниялардың жалпы сомасы 165 млрд. теңге болатын, төрт мың жұмыс орнын құратын 9 жобасы жүзеге асырылуда.


Оның үшеуі - «Маревен Фуд», «Лукойл», «Willo» іске қосылды, жыл соңына дейін тағы бір нысан - қуаттылығы жылына 60 мың тонналық «SSA Фид Миллс» құрама жем зауыты пайдалануға беріледі, - деп атап өтті А. Баталов.

Спикер қуаты жылына 1,2 млн. тонна болатын облыстағы алғашқы цемент зауыты «Алацем» іске қосылатынын айтты.


Жалпы биылғы жылы жалпы құны 153 млрд. теңге болатын, 3,5 мың жұмыс орны бар барлығы 71 жоба жүзеге асырылады. Жыл қорытындысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. теңгеден асады, шикізаттық емес экспорт 6% өсіп, 406 млн. АҚШ долларына жетеді деп жоспарлануда.

Жалпы облыстың инвестициялық қоржынында жалпы құны 5 трлн. теңгеден астам болатын 517 жоба бар. Оларда 45 мың жұмыс орны ашылады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x