"Шекара маңындағы аудандар қараусыз қалмайды". Ахметов Катонқарағайға барды

Dalanews 21 қаз. 2020 08:49 241

ШҚО әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Катонқарағай ауданында болды. Бұл туралы аймақ басшысы әлеуметтік желілердегі парақшаларында жазды.






Бірқатар ауылдарды аралап, шекара маңындағы аумақтарды дамыту туралы аймақтық бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысқанын жеткізді.


«Жалпы аталмыш бағдарлама бойынша Катонқарағай ауданында 6 миллиардтан астам теңгеге 76 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 24 жобаны Жұмыспен қамту жол картасы қамтыды. Нәтижесінде 20 мектепте, 6 мәдени ошақта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауыларалық 30 шақырым жолға асфальт төселді.


Катонқарағай ауылындағы саябақ толық абаттандырудан өтті. Жақында осы саябақта Алтайдың асқар жазушысы Дидахмет Әшімхановқа әдемі ескерткіш ашылды.



Ауылда сондай-ақ, заманауи талаптарға сай жабық бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеріп жатыр. Келер жылдың мамыр айына дейін жұмыстар толық аяқталып, нысан қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 730 млн. теңге. Мердігер компания биыл негізгі құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға ниетті. Сонымен қатар, қазандықты салып, инженерлік коммуникация желілерін де осы жылы жүргізеді.



Екі жыл бұрын Солдатово ауылында болғанмын. Сол кезде елдімекендегі мәдениет үйін жөндеуге қаражат бөлуді тапсырған едім. Бүгін атқарылған жұмыстың нәтижесі көңілімнен шықты. Клуб ішінде, сонымен қатар, дәрігерлік амбулатория, спорт залдар, жергілікті әкімшілік орын тепкен. Ауылға сондай-ақ, орталықтандырылған су құбырлары төселді. Бүгінде 200-ге тарта абонент қосылған»


Айта кету керек, соңғы жылдары Катонқарағай ауданындағы 9 ауылға су тартылды. Бұған қоса көпбалалы аналарды қолдау бағдарламасы да ойдағыдай жүзеге асуда деп жазады Даниал Ахметов.



Қазіргі таңда аудан орталығында екі пәтерлі 10 үйдің құрылысы аяқталуға шақ қалды. Тағы 30 пәтерлі көпқабатты үй салу жоспары тұр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x