Семей медицина университетінің түлегі тұқым қуалайтын ауруларды анықтауда жаңалық ашты

Dalanews 14 қаз. 2020 10:18 229

2020 жылдың қыркүйек айында семейлік Рауан Бағданұлы Бүкіләлемдік Қозғалыс Бұзылысы Қауымдастығы Конгресінің бейнежарыс сайысына қатысып жүлдегер атанды.




Өз тарихында  бұл сайысқа ТМД елдерінен 2 –ақ адамның іріктеуден өткенін ескерсек, әлемдік сынның бәсі жоғары екенін анық байқауға болады.

Бұған дейін ресейлік ғалым қатысса, енді міне Қазақстан атынан Рауанның қатысып қана қоймай, жүлдегер атануы ел абыройын асқақтата түсті. Осы арқылы жерлесіміз медицина ғылымында да қазақ баласының «айтары бар екенін» дәлелдеді.

Бүкіләлемдік Қозғалыс Бұзылысы Қауымдастығы – бұл Паркинсон ауруы мен адамның өзге де қимыл-қозғалысының бұзылысына алып келетін ауруларды зерттеуге бағытталған медицина саласындағы ғалымдар мен дәрігерлердің әлемдік қауымдастығы.


Міне, осы қауымдастық өздерінің биылғы 24 –ші Конгресін АҚШ-тың Филадельфия қаласында COVID – 19 пандемиясына байланысты  виртуалды форматта өткізді. Оған 146 елден 20 мың ғалым мен дәрігерлер қатысты.

Жалпы барлық Конгрестердің басты мақсаты - білім беру және әлемнің білікті мамандарынан тәжірибе жинап үйрену. Сондықтан осы Конгрестің бір бөлімі - диагноз қоюға қиын соғатын өте сирек немесе клиникалық тұрғыдан өте өзекті жағдайларды көрсететін видео сайыс болып табылады.

Ал сайыстың өзі Конгресс шеңберінде 13-ші рет өткізіліп отыр. Сайысқа қатысуға дүниенің төрт бұрышынан ниет білдірген жүздеген ғалымдар жарысқа қатысу сұраныстары мен бейне материалдарын Қауымдастықтың комитетіне алдын-ала жібереді.

Алайда оның ішінен ең өзекті және конгресс қатысушыларына сапалы және нақты практикалық тәжірибе береді деген 12 клиникалық мысал ғана іріктеліп алынып, конгресс сайысына қатысу құқығын алады. Сайысқа қатысушы ғалымдардың еңбегін әлемнің ең білікті невролог дәрігерлері бағаласа, бұлардан өзге тәуелсіз екі білікті дәрігер маман клиникалық материалды талқылайды.

Міне, осы таңдалып алынған 12 үміткердің арасынан Рауан Бағданұлы диагноз қоюы өте қиынға соғатын, бірақ генетикалық анализ жасай отырып молекулалық диагноз қойған клиникалық мысалды келтіріп сайыстың қола медалін жеңіп алды. Жүлдегерлерді анықтау конгреске қатысқан әлем ғалымдарының онлайн дауыс беруі арқылы жүргізілгенін айта кеткеніміз жөн.


Рауан Бағданұлы Қайыржанов Семей Мемлекеттік Медицина Академиясының емдеу ісі факультетінің түлегі. Аталған оқу орнын 2007 жылы  тәмамдап, 2008 жылдан бері неврология саласында қызмет атқарып келеді.

2014-2016 жылдар аралығында Лондон Университетінің Неврология ғылыми-зерттеу институтында клиникалық неврология мамандығы бойынша ғылыми магистратурада оқыған.

Қазіргі таңда жерлесіміз Лондон Университетінің Неврология ғылыми-зерттеу институтының стипендиясын ұтып алып, неврология және нейрогенетика саласы бойынша докторонтурада оқып жүр.

Оның ғылыми жұмысы - Орта Азия елдері мен Қазақстандағы нерв жүйесінің тұқым қуалайтын ауруларын зерттеу арқылы генетикалық себебін табу. Рауан өзінің ұзақ жылдар бойы алған білімін әлемде әлі ашылмаған тек Орта Азия мен Қазақстан халықтарына ғана тән жаңа ауру шақыратын гендерді тауып, ол ауруларды генетикалық тәсілдермен емдеу жолдарын ашуға арнап жүр.

Қазірдің өзінде  докторантурада оқи жүріп Рауан Бағданұлы Орта Азия және Қазақстаннан нерв жүйесінің тұқым қуалайтын ауруларды шақыратын бірқатар жаңа гендер ашты.

Мақсатым – еліме, адамзатқа пайдамды тигізу деп білетін ол Қазақстан мен Орта Азия елдеріндегі клиникалық диагноз қоюға қиын нерв жүйесінің тұқым қуалайтын аурулары бар адамдарға қымбатқа түсіп, қолдары жете бермейтін генетикалық анализдерді тегін жасап жүр.


Айтпақшы, әлемдік сайыстың қорытындысы шығысымен одан хабардар болған украиналық бір дәрігер-ғалым жерлесімізді жеңісімен құттықтап, өз емделушісінің емі табылмай отырған дертіне дәл осындай анализді жүргізіп көмектесуін сұрапты. Осының өзінен - ақ Рауан Бағданұлын медицина ғылымында қазақ баласының арасынан тыңға түрен салды деп толық айта аламыз.

Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ


 


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x