Жеті айда Шымкентте 1500 пәтер пайдалануға берілді

Dalanews 12 там. 2020 12:55 212

Ағымдағы жылдың  7 айдың қорытындысына сәйкес Шымкент қаласында 1 416 пәтерлі 20 кредиттік тұрғын үй пайдалануға берілген. 8 үй әкімшілік-іскерлік орталығында орналасса, 12 – Шымкент сити шағын ауданында салынған.

Тамыз айында Шымкент сити шағын ауданында 10,5 мың шаршы метрді құрайтын 160 пәтерлі 4 үй тапсырылады деп жоспарлануда.

Биыл жалпы 612 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жеті айда пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 299,86 мың шаршы метрге жетіп,  өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құрылыс көлемі 1,6 есеге артқан.

«Нұрлы  жер» мемлекеттік бағдарламасымен ауданы 1 млн шаршы метр 262 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның ішінде, құрылыс басқармасы арқылы бюджет есебінен 92 тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр.

Шымкенттегі тұрғын үй құрылысы 2 бағытта, яғни  кредитттік және арендалық түрде халыққа беріліп жатыр.

Сонымен, Әкімшілік-іскерлік орталығында, Шымкент сити және Тұран шағын аудандарында 80 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 51 кредиттік тұрғын үй тұрғындар игілігіне ұсынылады. Нәтижесінде, 3 284 азамат қол жетімді бағамен баспана сатып алу мүмкіндігіне ие болады.

Басқарма мамандарының сөзінше, бұдан бөлек нарықтан 696 пәтер сатып алынады. Нәтижесінде, пәтер кезегінде тұрған 1 144 азамат арендалық пәтерге ие болады.  Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 450, әлеуметтік осал топтар – 394 және 300 жұмыс жасаушы жастарға беріледі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x