ШҚО бас имамы онлайн Құрбан шалуды түсіндіріп берді

Dalanews 29 шіл. 2020 14:22 356

ШҚО-ның Өскемен өңірі бойынша бас имамы Құрбан шалуда Qurban2020.kz сайты арқылы тапсырысты қалай беруге болатыны туралы түсіндіріп берді

ШҚО ақпараттық орталығында өткен брифинг барысында ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша бас имамы, «Халифа Алтай» облыстық мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұхатай өңір тұрғындарын Құрбан айт мерекесі кезінде үйде отырып, карантин режимін сақтауға шақырды.

– Құрбандыққа шалынатын малды сатып алу үшін Qurban2020.kz сайтына кіру қажет. Бұдан соң тапсырыс беруші малды таңдау бөліміне кіріп ұсақ немесе ірі қара малды (қой – 50 мың, ешкі – 35 мың, ірі қара – 350 мың) сатып алады. Тапсырыс беруші малды таңдап алған соң аты-жөні мен байланыс нөмірін жазып, қалдырады.

Кейін сайтта көрсетілген банк реквизиттері бойынша ақшаны аударады. Одан соң тапсырыс берген аймағына байланысты жауапты сала мамандары хабарласып, ол адамның нақты өтінім бергенін сұрайды. Сонымен қатар сайтқа  әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар да кіріп, өтініш жазып, тиісті құжаттарды жолдайды. Кейін оларға жауапты сала мамандары хабарласып, міндетті түрде көмек беріледі, - деді Ермек қажы Мұхатай.

Айта кетейік, егер құрбандық мәселесіне байланысты сауал туындаса, Өскемен өңірі бойынша 8776 711 11 35 колл орталығына хабарласуға болады. Ал Семей өңірі бойынша 8775 644 48 93 колл орталығына немесе 8775 394 7596 ватсап нөміріне жазуға болады.

Өз кезегінде ШҚО ақпараттық орталығында өткен брифинг барысында жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Әсет Өтепов облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 31 шілде мен 2 тамыз аралығында Құрбан айт мерекесіне орай құрбан шалу орындарында полиция бекеттері жұмыс істейтінін мәлім етті.

Әсет Өтеповтің айтуынша, бұл өз кезегінде қоғамдық тәртіп қадағалауға мүмкіндік береді.

– Біз облыс тұрғындарын карантин шараларын қатаң сақтап, Qurban2020.kz сайты арқылы онлайн құрбандық шалуларын сұраймыз, – деді Әсет Өтепов.

Тағы оқыңзыз:


https://dalanews.kz/55086

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x