Алакөлдегі 14 демалыс орны жұмысын бастауға дайын

Dalanews 12 мау. 2020 05:23 227

Алакөлдің шығыс жағалауындағы демалыс орындарында коронавирус жағдайында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын арнайы құрылған сараптамалық топ бақылайтын болады.

Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов Алакөлге жасаған жұмыс сапары барысында айтып кеткен болатын. 5 маусымнан бері көл жағасындағы нысандарда тексеру шаралары жүргізіліп, рұқсаттама құжаттарды беру басталды.

"Облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесу барысында демалыс орындарына туристерді қабылдаудың жаңа шарттары ұсынылып, аймақ басшысының шешімімен сараптамалық топқа мүше болдық.

Енді топ мүшелерімен бірлесе демалыс нысандары қаншалықты дайын екенін бірлесе қадағалаудамыз. Бұл өте маңызды шешім.


Өйткені демалушылар мен қызметкерлердің саулығы бәрінен де маңызды", - дейді «Інжу» және «Алакөл Арасан» демалыс орындарының басшысы Анар Батымова.

Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша 60 демалыс базасы жартылай дайын, олар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейту бойынша әлі де жұмыстарын жалғастыруда. 14 демалыс орны толық дайындығы туралы арнайы актіні алды. Олар қонақ үйлерде 50% сыйымдылықпен демалушыларды орналастыра алады, бұл дегеніміз 712 адам.  101 нысан әлі дайын емес, өйткені оларда турситерді қабылдау 20 маусымнан кейін басталады.

— Біз барлық санитарлық талаптарды орындап, рұқсаттама алдық. Әрбір жерде санитайзерлер мен қорғаныс құралдары орнатылған, арақашықтықты сақтау белгілері көрсетілген. Бізде 100%-ға қауіпсіз деп айта аламыз. Тек демалушылардан ПЦР мен экспресс-тестілеуді дұрыс өтіп, анықтама ұсынуды сұраймыз, - дейді «Парус» демалыс базасының қожайыны Жанна Рамазан.

Жалпы, жергілікті кәсіпкерлер қауіпсіздік пен сақтық шараларын сақтау қажеттілігін түсініп, жоғары жауапкершілік танытуда.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x