Ахметов санитарлық талапқа салғырт қараған Семей басшылығын сынады

Dalanews 14 мау. 2020 10:05 210

Облыс әкімі Даниал Ахметов Семей қаласының кәсіпкерлерімен онлайн режимінде кездесіп, шаһарда COVID-19 инфекциясының өршуіне байланысты бірқатар мәселелерді талқылады деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жиналған кәсіпкерлер аймақтың бас санитарлық дәрігерінің шектеу шараларын күшейту туралы қаулысына қатысты пікірлерін айтып, бизнес нысандарының алдағы уақыттағы жұмыс барысын белгіледі.

Бүгінгі таңда облыста 12 маусымға сай коронавирустың 234 жағдайы, оның 162-сі Семей қаласында тіркелген.


Соңғы он күннің ішінде қалада 56 жағдай орын алған, облыста аурудың өсу деңгейі 4,1%- ды құрап отыр.

Семейдегі індеттің таралуы ауқымы бақылауға бағынбай отыр. Өңірдегі вирус жұқтырғандардың 70 пайызы осы қалаға тиесілі.

Облыстың бас санитарлық дәрігері Марат Исмаиловтың айтуынша, барлығы 27 үй ошағында 82 адам, оның ішінде бір ошақта 12 адам, бес ошақта 4-тен, алты ошақта 3-тен, он алты ошақта 2-ден ауырған. Және де вирустың еш белгісіз таралу саны артып келеді. Семейде вирус белгілері байқалмайтын 103 адам бақылауға алынған.



Қала кәсіпорындарында жаппай індет жұқтыру жағдайлары да бар. Мысалы, Семей қаласының тері-венерологиялық диспансерінде 37 жағдай, "Казполиграф" ЖШС қызметкерлері арасында  27 жағдай, сондай-ақ қарым-қатынас байланысында болған 15 жағдай тіркелген.

   - Ең қиын жағдай Семей қаласында. Мұнда тұрғындардың вирусты жаппай жұқтыру деңгейі күн санап көбеюде. Осыған дейін атап өткенімдей, бұған себеп, ең бірінші, жауапты органдардың өз ісіне салғырт қарауы, бақылаудың жоқтығы, сондай-ақ, тұрғындардың тәртіпті сақтамауы. Қарапайым ережелердің өзін өрескел бұзып отыр, -  деді бизнесмендердің назарын аударған өңір басшысы Даниал Ахметов.


Соңғы жағдайды ескере отырып, бизнес қоғамдастықтарымен бірлескен ортақ шешім қабылданды. Бүгіннен бастап кәсіпкерлердің ұсынысымен Семейде мониторингтік топ құрылды. Олар енді санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалу барысын өздері бақылауға алады.

-Қазір біздің алдымызда тұрған басты міндет - азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау екенін естен шығармайық, - деді жиын соңын қортындылаған Даниал Ахметов.


Жалпы, облыс бойынша 151 инфекция ошағы бақылауға алынған, 1500 -ден аса адам оқшауланған. Оның 26-сы карантиндік стационарға жатқызылып, 1486-сы үй карантиніне жіберілді.

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x