Алматы облысындағы карантинге қатысты жаңа қаулымен таныс болыңыздар!

Dalanews 13 мау. 2020 04:49 219

Алматы облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысында Алматы облысының аумағында карантиндік шараларды күшейту туралы бірқатар мәселелер белгіленді, – деп хабарлайды Dalanews.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа қаулыда Алматы облысы аумағында СOVID-19-бен сырқаттанудың өсім көрсеткіші 2,5% екені айтылып, бұған дейінгі қаулыда белгіленген шектеу шараларының сақталатыны, оған қоса туристік нысандардың жұмысына қатысты да талаптар атап көрсетілді.

Мәселен, халық арасындағы тиісті контингенттерге, сондай-ақ COVID-19-ды жоққа шығармайтын клиникалық белгілері бар демалушылар арасында ПТР талдау жүргізу үшін Ақши ауылының дәрігерлік амбулаториясының аумағында жылжымалы авто-зертхананы ұйымдастыру, авто-зертхана қалыпты жұмыс істеу үшін барлық қажетті жабдықтармен, жұмсалатын материалдармен және коммуникациялармен қамтамасыз ету міндеті белгіленген.

Сол сияқты аудандар мен қалалардың, ауылдық округтердің әкімдері, туризм субъектілері (объектілеріне), оның ішінде демалыс үйлері (базаларға, аймақтарға), туристік базалар, санаторлық-курорттық ұйымдар да өз кезегінде объектілер аумағына кіру кезінде дезинфекциялық тосқауылдар мен тоннельдер орнатуы, әр рейстен кейін автокөлікті дезинфекциялауды ұйымдастыру және жүргізушілердің гигиенасына жағдай жасауы тиіс.

Сонымен бірге демалушылардың демалыс орындарында болған және демалыс уақытында объектілердің аумағынан тыс жерлерге шығуына тыйым салынады.

COVID-19-ды жоққа шығармайтын белгілері бар тұлғаларды ерте анықтау мақсатында қызметкерлер мен демалушыларды күнделікті бақылау міндеттеледі.

Орын саны 100-ден асатын объектіде медицина қызметкерінің штатын (немесе келісімшарт бойынша), изоляторы бар медициналық пункттерді қарастыру міндеттеледі.

Сондай-ақ әскери бөлімдерге келгеннен кейін әскерге шақырылғандарды ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеру қажет.

Ал Қапшағай қаласы Қапшағай су қоймасының жағалауындағы демалыс аймақтарына және Іле ауданының Жетіген ауылдық округіне апаратын автожолда мобильді бекеттер алынып тасталады.

Тағы бір атап өтерлігі, балаларды сауықтыру орындары және мектеп жанындағы лагерьлер әзірге жұмыс істемейді.

Ал жұмысын жалғастыратын нысандарда барлық санитарлық-дезинфекциялау талаптары сақталады.

Бұл жаңа қаулының күші 2020 жылдың 12 маусымында күшіне енді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x