Ахметов: "Алакөлді түрік курортының деңгейіне көтеру керек"

Dalanews 10 мау. 2020 09:58 190

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Алакөл жағалауына барып, туристік маусымға дайындық барысымен танысты деп хабарлайды Dalanews.kz. 


Сапар барысында әкім туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды пысықтап, соған байланысты бірқатар ескерту жасады.



Алакөл 13 маусымнан бастап демалушыларды қабылдай алады. Алайда бұрнағыдай емес, биыл демалыс базалары жарым-жартылай ғана жұмыс істеуге мәжбүр. Коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл қою үшін жағалауда тазалық талаптары күшейтілген. Туристердің қауіпсіздігіне бірінші кезекте көңіл бөлінеді.

Алакөлдің Шығыс жағалауында демалыс орындары мен шомылатын аймақтар бір-біріне жақын орналасқандықтан, вирус жұқтыру қаупі жоғары.

Былтыр Алакөлдің бұл аймағында бір сәтте 12 мың тарта турист орналасатын еді.

 

Ахметовтың атап өткеніндей биыл Алакөл жағалауына жету үшін алдымен жылжымалы медициналық пунктіде экспресс-тест тапсыру қажет. 


Қазіргі уақытта Алакөл жағасында 180-ге жуық демалыс базалары бар. Олардың басшыларымен қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша келісім жасалған.



Қабанбай ауылдық ауруханасында он екі орындық провизорлық стационар ашылған. Алакөлде коронавирусқа байланысты тест тапсыратын екі мобильді пункт бар. Жуық арада тағы екі медпункт орнату жоспарланған.

Облыс әкімі Даниал Ахметов бекеттің айналасы орталықтандырылған «Сергек» камераларымен жабдықталатынын айтты.

"Демалушылардың денсаулығы үшін біз күні-түні жұмыс жасаймыз. Егер дене қызуы көтеріліп тұрса, алдымен экспресс тестілеуден өтеді. Аурудың белгісі болған жағдайда ПЦР тапсырады. Әзірге COVID-19 вирусы ауылымызда тіркелген жоқ", - дейді Қабанбай ауылдық ауруханасының аға дәрігері Гүлмира Жақиянова.

Ахметов өз тарапынан демалушылардың барлығы тексеруден өтуге тиісті екенін еске салды.



"Мұндай медпунктердің маңызы жоғары, тиісінше талап та қатаң болады", – деді әкім.

Ахметов сонымен қатар Алакөлде туризммен айналысатын кәсіпкерлерге қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеру керектігін қадап айтты. 


"Түріктің курорттарының деңгейіне көтерілу үшін - қызмет көрсету сапасын жақсарту қажет. Сапа жақсарса демалушылар да Алакөлге ағылып келеді", – деді аймақ басшысы.

Демалыс үйлері, аулалар толық дезинфекцияланып, санитайзерлер орнатылды. Адамдардың арнайы қашықтық сақтау барысын да ойластырдық. Бұл қазір бүкіл әлемде қабылданып жатқан шаралар, - дейді өз кезегінде «Әйгерім» демалыс базасының директоры Әйгерім Омаралинова.

– Демалыс орындарында қызмет ететін барлық азаматтар да тексеруден өтті. Әрбір бөлмеде дезинфекциялық заттар қойылып, асханалар мен кафелерде арақашықтық сақтау бойынша барлық шаралар қабылданған. Бұл шаралар қолайсыздық тудырмау үшін оңтайлы жолдары ойластырылған.

 

 

 
 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x