Шығыста бірнеше су электр станциясын салу жоспарлануда

Dalanews 15 мам. 2020 13:14 344

Үкімет Шығыс Қазақстанда облысындағы өзендердің әлеуетін пайдаланып, шағын су электр станцияларының санын арттыру жоспарлап отыр. Бұл ең алдымен, тұрғындар үшін электр энергиясын тұтыну құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы Асқар Мамин өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Алтай ауданындағы Тұрғысын өзенінде салынып жатқан СЭС-те көріп, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында іске қосылатын станцияның қуаттылығы 29,4 МВт құрайды.

Мамандардың пікірінше, Тұрғысын өзенінде осы іспеттес тағы үш станция салу жоспарланған. СЭС-тің су жинатын бөгетінің ұзындығы 284 метрді құрайды. Мұнда қуат көзін өндіру үшін 6 миллион текше метр су қорын жинақтауға болады. Осы ретте жаңа нысан Шығыстың 40 градустық сары аязы мен көктемгі су тасқынына төтеп беретінімен ерекшеленеді.


Премьер-Министр Еуропа мен Америкадағы озық технологияның негізінде салынып жатқан нысанға гидроэнергетикалық қондырғылардың қалай орнатылып жатқанын өз көзімен көрді.

Жалпы, станцияда қуат көзін өндіретін үш қондырғы болады Оның екеуі 11,5 МВт болса, үшіншісі 1 МВт құрайды. Замнауи қондырғылар қатты аязда, тау өзендер мұз құрсағанда да жұмыс істей береді. Айта кетуіміз керек, су электр станциялары іске қосылғаннан кейін ол бірден Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне қосылып, қашықтан басқару жүйесінде жұмыс істейді.

Асқар Мамин облыста шағын өзендердің потенциалын тиімді пайдаланып, электр энергиясын өндіру саласына оң бағасын берді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x