Семейдегі Абай атындағы театрда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Dalanews 17 сәу. 2020 12:32 222

 Семейде Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өту үшін бүгіндері Абай атындағы театрда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр деп хабарлайды Dalanews.kz.

Театр директоры Яков Горельников жөндеу жұмыстарына қаржы былтыр қыркүйекте бөлініп қойғанын айтады. Ең бірінші кезекте театрдың бірінші қабаты өзгеріске ұшырауда.

Театр әртістерінің фотосуреттері қойылатын қабырға стендтері жаңартылып, ғимарат ағартылып, сырланған, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтіліпті. Театр бүгінгі күннің талабына сай қызмет етуі үшін заманауи дыбыстық және жарық жабдықтары сатып алыныпты.

- Шынын айтайын, біздің театрда мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары бұрын-соңды болған емес. Әдетте ағымдағы және косметикалық жөндеу жұмыстарына ақша бөлінеді. Енді үлкен өзгерістер болайын деп жатыр. Биыл театрдың күрделі жөндеу жұмысына облыстық бюджеттен қажетті қаражат бөлінді. Шатырдың жұмсақ жабындысы, қасбет, баспалдақтарды жаңалау жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ театр алдындағы аумақ абаттандырылады, - деді Яков Горельников.


Ол жөндеу жұмыстары облыс әкімі, қала әкімі және облыстық мәдениет басқармасы тарапынан қатаң бақылауға алынғанын да жеткізді.

Театрдағы күрделі жөндеу жұмыстары жайлы




Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ең маңызды деген шаралар осы театрда өтеді екен. Қонақ сынай келеді демекші, театр басшысы, бұл міндетті абыроймен атқаруы үшін қазір жан-жақты дайындалып, мұрынға су жетпей жатқанын да айтады.

- Театрдың іші де мүлдем өзгереді. Екінші қабаттың фойесін басқаша жасамақшымыз. Көрермендер отыратын зал да қайтадан жасалады. Ұлы Абайдың мерейтойына арналған шарада театр әртістері су жаңа сахнаға шығады, қазіргі уақытта жұмысшылар сахнаға жаңа еден төсеп жатыр. Сахна сырты да жөндеу жұмыстарынан тыс қалмайды: киім ауыстыратын, дайындық бөлмелері, ғимараттың әкімшілік қабаты да – бәрі-бәрі жаңаланады. Облыс әкімі Даниал Ахметов бертінде Семейге жасаған сапарында біздің шаңыраққа да ат басын бұрып, театр ішіндегі түс пен бояуға өте мұқият болуға кеңес берді, - дейді театр басшысы.

«Шұбар ала болып жүрмесін. Тек байыпты, қанық түстер болсын, бояу үйлесімділігін сақтаңыз. Баспалдақтың ұстағышы, металл қоршаудың кескіні секілді ұсақ-түйекке дейін мән беріңіз. Біз бұл жерде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткіземіз, сондықтан дизайн мәселесі жақын арада шешіледі деп сенемін», - деп кетіпті облыс басшысы.

Қазіргі уақытта болып жатқан барлық қиындықтарға қарамастан, театр ұжымы шығармашалық және кәсіби шарықтау шыңында, тек классиктердің ғана емес, сонымен бірге қазіргі уақыттағы отандық авторлардың шығармалары да олардың репертуарының ажырамас бір бөлігіне айналған.

Театр тарихына үңілсек




Бүгінгі таңда үш театр бір шаңырақ астына біріктірілген:

Абай атындағы қазақ драма театры, Ф.М. Достоевский атындағы орыс драма театры және «Дариға-ай» жастар театры.


1937 жылдың 27 маусымы - Семей орыс драма театрының ресми туған күні, осы кезде қалалық Кеңес Президиумы Жұмысшы жастар театрын А.Луначарский атындағы қалалық театр ретінде қайта құру туралы шешім қабылдады.

Мельпомена ғибадатханасының есігі айқара ашылып, көрермендерді «Борис Годунов», «Жартас», «Найзағай», «Айла мен махаббат», «Скапеннің қылықтары» сияқты танымал классикадан бастап, сонымен қатар «Даңқ», «Біздің жастар», «Құрыш осылай шынықты» сынды сол кездегі социалистік әлеуметтік пьесаларға шақырды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы күндерінен бастап театр репертуарын кілт өзгертіп, патриоттық сипаттағы спектакльдерге ден қойды.

«Жалғасы бар», «Майдан» -  сол уақыттағы даңқ пен дақпыртты бейнелейтін қойылымдар. Театр ғимаратын тастап, қан майдан алаңына бет алған театр ұжымы госпитальдардағы жаралы солдаттар мен  шалғай өңірлердегі тыл жұмысшылары алдында өнер көрсетіп, қиын-қыстау кезде олардың көңілін демеп, рухын жануға барын салды.

Өнер шынымен де бүтіндей халыққа қызмет етті. «Мені күт», «Қанатты уақыт», «Махаббат хикаясы», «Менің ұлым» - сол аласапыран кездегі көрермендердің көңіліне медет, қайғысына жұбаныш болды.

Соғыстан кейінгі жылдары ел көрден тіріліп шыққандай бұрынғы қалыпты өмірге орала бастағанда театр өнері де барлық өңірдегідей Семейде де бүршік жарып, өркендеу жолына түсті.

Бейбіт өмір, ғасырдың құрылыс жобалары, болашақ туралы ұлы армандар - осының бәрі шығармашылық ізденісті шабыттандырып, өнер ұжымына қанат бітірді. Театр өмірі қыж-қыж қайнап жатты, әр қойылым көрерменін тауып, әр жерде талқыланып жүрді. Орыс драматургиясы сахнасында қойылған «Барабаншы қыз», «Егор Булычев», «Отбасы», «Шеңгел тоғай», «Том ағайдың лашығы», «Қалыңмалмен ұзатылу», «Ревизор», «Жердегі жұмақ», «Маша қыз» сынды спектакльдер көрермендердің көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды.

1945 жылы Ұлы Абайдың 100 жылдығы мерейтойын тойлау кезінде екі қалалық театр - қазақ және орыс театрлары біріктіріліп, оған Абай есімі берілді.


Нақтырақ айтқанда, 1945 - 1968 жылдары театр Абай атындағы Семей қазақ-орыс драма театры деп аталды. 1969 жылы ол қайтадан екіге бөлінді. 1975 жылы орыс драма театрына Федор Достоевскийдің есімі берілді, осы кездегі ұжым бірнеше рет халықаралық, бүкілодақтық және республикалық фестивальдердің лауреаты болды.

Тәуелсіздіктен кейін жаңғырған театрдың жаңа туындылары


- Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін театр өнері жаңа және ғаламат шабыт көзіне айналды, өйткені осы күнге дейін айтылмаған ширек ғасырдың Қазақстан тарихы біздің көз алдымызға қаз-қалпында келе бастады! - дейді театр директоры Яков Горельников.

«Отырардың күйреуі», «Бақыт құсы» мен «Тұмар патшайым» қазірдің өзінде театр өміріндегі айтулы оқиғалары ретінде саналып, көрермендердің сүйікті қойылымына айналып үлгерді.



Сақ жауынгер қыздың тағдыры туралы таңғажайып әңгіме желісі - Семей театры сахнасындағы ең мықты қойылым. Әдемі әрі уылжыған жас бойжеткен нені армандайды? Махаббат, отбасы, жайлы үй дейсіз бе? Бұл Тұмардың кішкентай күніндегі арманы шығар, бірақ бойжеткен сақ сұлуының мұны ойлауға шамасы болмады. Кең дала қан сасыды, жау жағадан алды. Халқының тағдыры үшін алаңдап, атқа мініп, жылдар бойғы жаумен күрес оны шыңдап, мықты жауынгерге айналдырды.

Осылайша Тұмар жас қыздан ұлы патшайымға айнала бастайды. Осылайша оның трагедиясы да төбе көрсетеді. Болат Жандарбековтің «Сақтар» романының негізінде жазылған тарихи драманы сахнада режиссер Дина Құнанбай сахналады. Ол жеке басының бақытынан бас тартып, сындарлы сәтте елі мен жері үшін қиян-кескі күреске ойланбастан қойып кеткен жаны нәзік, бірақ рухы биік мықты патшайым туралы.

Ұлы жауынгер, сайын даланың батыры, көшпенділердің көсемі - сезімтал әйел әрі мейірбанды ана. Бірақ тура осы Тұмар ежелгі әлемнің ұлы деген державаларын табан астына езгіге салған Парсы патшасы Кирді жеңеді. Тұмардың бойында бір-біріне қарама-қайшы екі образ қатар жүреді: ол сезімтал, алып-ұшпа, бірақ сонымен бірге тәккапар әрі салқынқанды.


«Ескі заман аңызы» туралы спектакль заманауи, жарқын, динамикаға толы болып шықты. Мұндағы ең ұтымды құрал - ым-ишарат белгілері. Бұл қойылымды кез-келген көрерменге түсінікті етеді әрі оны өзінше түсінуіне мүмкіндік береді, яғни белгілі бір баяндау тіліне байламайды.

Соңғы жылдардағы ұжымның тағы бір жарқ еткен шығармашылық жетістігінің бірі - Мұхтар Шахановтың «Отырардың күйреуі» поэтикалық қойылымы. Алматыда өткен  республикалық театрлар фестивалінде осы қойылымда Қарияны ойнаған Федор Любецкий үздік ер адам рөлі дипломымен марапатталды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ерсайын Тапеновтің бұл керемет қойылымы ешкімді бей-жай қалдыра алмайды. Димитровградта (РФ) өткен «Театральды АтомГрад» халықаралық театр фестиваліндегі жетістік - бұның дәлелі. Актерлер сарбаздардың ішкі әлемін, қоршалған қаланы қорғау кезіндегі олардың қиян-кескі ұрысы мен ерлігін дәлме-дәл жеткізе алғаны сонша көрермендер ғана емес, қазылар алқасы да таң қалысын жасыра алмады.

2017 жылы театр ұжымы Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі және Ресей Федерациясының театр қайраткерлері одағы және Роскосмос корпорациясы тарапынан «Театральды АтомГрад» фестиваліне қатысуға қайтадан шақырту алды. Бұл жолы семейліктер Ұлы Жеңістің мерейтойына арналған «Майдангер қыз» қойылымын қойды.

Атақты қазылар алқасы труппа жұмысын жоғары бағалап, бірден үш номинация бойынша жеңіске қол жеткізілді: Елена Дручинина - ең үздік әйел рөлі үшін, Александр Сухов – екінші қатардағы ең үздік рөл үшін және Юлия Ауг (Мәскеу) - үздік режиссура үшін. Ал бүкіл ұжымға  «адамзат бейнесіндегі театр» деген мінездеме берілді.

Тура осы арасы, яғни сахнада болып жатқан іс-әрекетке көрерменді барынша тартып, бәрін эмоционалды түрде жеткізу Ф. Достоевский атындағы орыс драма театрының репертуарлық саясатының негізін құрайды. Бірақ бұл бұқаралық мәдениеттің жетегінде кету емес, керісінше, көрерменге, әсіресе сананы болмыс билейді деп санайтын жастардың өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыруға, осылайша ішкі әлемін байытуға таптырмас материал бұл деп білеміз.

Дулат Исабековтің Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрымен бірлесіп сахналаған «Бақыт құсы» лирикалық драмасы соның жарқын мысалдарының бірі бола алады.

Тәуелсіздік жылдарында бұл екі театрдың алғашқы бірлескен қойылымы болды. Бірақ ескі көз – тәжірибелі ұжым мүшесі мен көптен келе жатқан көрермендер өткен ғасырдың 70-жылдарындағы «Волоколамск тас жолы» және «Арнайы тапсырма» қойылымдарын қазақ және орыс татрының ынтымақтастығының жемісі екенін әлі ұмыта қоймаған болар.


Яков Горельниковтың эксперименттік идеясын сахналауға тағы да Ерсайын Тапенов қолға алды. Екі тілде қойылған қойылымда КСРО құлап, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген азшыл ұлт өкілдері өздерінің тарихи отандарына «бақыт құсын» іздеп, аттанған кездегі Қазақстан үшін оңай болмаған кезең баяндалады. Бірақ олардың барлығы бірдей Қазақстаннан тыс жерде - өз отанында өз орнын таба алмады.



Көрермендер әр түрлі тағдырлардың, сюжеттік желілер мен оқиғалардың, әр ұлттың өкілдері болып табылатын пьеса кейіпкерлерінің кең байтақ Қазақстан жеріне деген шексіз ризашылық сезімдерінің бір жерден шығуының куәсі болады. Спектакль өз жерінде де, Астана мен Өскемендегі гастрольдер де көрермендердің зор қошеметіне бөленді.

Келесі театр маусымында да қос театрдың ынтымақтастығы жалғасып, үлкен жетістіктерге жетуі таңқаларлық жағдай емес. Шоқан Уәлиханов өмірінің соңғы күндері туралы «Монолог шепотом» атты спектаклінің премьерасы Семейдің ғана емес, сонымен бірге республиканың мәдени өміріндегі айтулы оқиға болды. Театр ұжымы мен оның басшылығына қызықты және өзекті қойылым қойғаны үшін Мәдениет және спорт министрі, сол секілді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың атынан алғыс хаттар келді.

Театр және жаңа басшы


Тағы бір ерекше мерейтойды атай кетсек. Актер және режиссер ретінде Яков Горельников, ұжымның пікірінше, театрдың директоры болуға лайық деп танылып, 40 жасында ол Ф.Достоевский атындағы театрдың тізгінін ұстап, республикамыздағы ең жас көшбасшысы ретінде көзге түсті. Яков Вениаминұлы - Новосібір театр училищесінің, Н.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтының, Мәскеудегі жоғары режиссерлік курстардың түлегі. Мәскеу қалалық кеңесі театрында тәжірибеден өткен.

  Мамандар мен көрермендер Яков Вениаминұлының басшылыққа келуімен театрдың тынысы ашылып, ол  қаланың мәдени ортасына жаңаша леп берді деп санайды.


Театр ұжымы қойған спектакльдерге кезінде Кеңес Одағының әр түкпірінен жоғары баға беріліп жатты: Фрунзеден Кишиневке дейін. Айтқандай, гастрольдері көрермендерге қатты ұнағаны үшін ұжым Молдова үкіметінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бүгіндері театр халықаралық фестивальдердің лауреаты, Жезқазған, Павлодар, Қостанай, Нұр-Сұлтандағы республикалық фестивальдердің жүлдегері.



Яков Горельниковтың күш-жігерінің арқасында театр сырттағы режиссерлермен ынтымақтастық дәстүрін нығайтты, олардың көпшілігі - орыс сахнасының майталмандары және театральды жоғары оқу орындарының оқытушылары. Олармен тығыз қарым-қатынас, әрине актерлердің шығармашылық өсуіне зор ықпалы бар.

Ал бұл - Яков Вениаминұлы үшін ең бірінші кезектегі міндет, өйткені қойылымдардың сапасы, көрермендердің риясыз ықыласына бөленуі, сахнадағы кәсіби біліктіліктің салтанат құруы актерлердің шеберлік деңгейіне байланысты екені белгілі.

Театр жанындағы жастар студиясы


Ұжым театр студиясына және одан түлеп шыққан түлектерге де ерекше көңіл бөледі, олардың ең дарындылары ұжым қатарына келіп қосылады, кейбірі одан әрі білімі мен білігін Қазақстан мен Ресей университеттерінде шыңдайды. Міне, осы жағынан алғанда театр - үлкен мектеп.

Театр ұжымы жас, креативті, керемет шығармашылық жоспарларға толы. Бірақ өзінің басты міндеті бәз-баяғыша өзгеріссіз қалуда. Отандық және шетелдік драматургияның үздік туындыларын көрермендеріне тарту ету, сондай-ақ жоғары шеберлікте орындау және режиссура таланты - әрдайым басты назарда.

- Айналадағы қиындықтарға қарамастан театр өмір сүріп, тың туындылар тудырып, жұмысын жалғастырып келеді. Объективті себептерге байланысты кей нәрсені кейінге қалдыруға мәжбүр болдық, бірақ біздің ұжым өз аудиториясымен кездесуді асыға күтіп, жақсы жаңалығымен қуантуға дайындалып жүр, - деді Яков Горельников.

Алда жоспарда «Бразилия қазынасы» шым-шытырман ертегісі және көктемгі театрландырылған қойылымы бар. Оған кәсіби артистермен бірге Глушков атындағы театр студиясының жігіттері де бас қосып, дайындық жасап жатыр екен.

«Абайдың қара сөздері»


- Наурыз айының ортасында Абайдың 175 жылдығына арналған «Абайдың қара сөздері» спектаклінің шымылдығы түрілді.

Оған мүлде бөлек, заманауи және поэтикалық реңк берілген. Қойылым пластикаға, музыкаға, вокалға толы. Актерлердің бұл жұмысқа аса жауапкершілікпен қарағаны қуантады. Олардың жас режиссер Айдын Салбанмен бірлескен жұмысының нәтижесі біздің азаматтарымыз бен Семей қонақтары арасында үлкен қызығушылық тудыратынына сенімдімін.

Қазір әлемде, айналада болып жатқанның бәрі: соғыс пен бейбітшілік, қуаныш пен қайғы, адамгершілік пен өшпенділік - мұның бәрін Абай өз еңбектерінде сипаттап кеткен. Абай қазіргі ХХІ ғасырда да әлемге қызықты, оның осы адамдарға айтар сөзі, өзіндік ойы бар. Оның үстіне бұл спектакль гастрольдер мен фестивальдерге арналған.Жақында мұны тексеруге мүмкіндік туады деп үміттенеміз. Бұл - біздің ұлы жерлесіміздің мерейтойын лайықты атап өтуге қосқан үлесіміз, - дейді Яков Вениаминұлы.

Сол секілді биылғы Ұлы Жеңіс күні де театрдың назарынан тыс қала алмапты.

- «Ревизор» және «Жетімсіреген Батысқа» деген қойылымдарымен ұнап қалған режиссер Рача Махтаев бізге тағы келді. Оның жанында продюсер Ильшат Вилданов бар. Олар Борис Васильевтің «Ертең соғыс болды» әңгімесінің желісі бойынша Ұлы Жеңістің мерейтойына арналған керемет қойылымды ойластырып келіпті. Бұл қойылым жас көрермендердің көңілінен шығып, 80 жыл бұрынғы құрдастары қандай сынақтарға төтеп бергенін көз алдарына елестетуге көмектеседі деп сенемін. Жақында Семейдің артистері көрермендерімен су жаңа сахана арқылы қауышады. Сол күнге бізді аман жеткізсін, - дейді ол.

Кәмшат СӘТИЕВА 


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x