Алматы облысында көпбалалы 10 отбасы баспаналы болды

Dalanews 05 ақп. 2020 16:02 341

Алматы облысы Қарасай ауданындағы көп балалы 10 отбасы жеке баспаналарына қол жеткізді. Қаскелең қаласында «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінен «Нұрлы жер» бағдарламасымен сатып алынған жаңа пәтер кілттерін облыс әкімі Амандық Баталов тапсырды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтаған облыс әкімі:

– Сіздерді жаңа пәтерге ие болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Мен түске дейін аудан әкімінің өткен жылды қорытындылап, биылғы жылға жаңа міндеттер белгілеген есепті жиынына қатыстым. Көптеген мәселелер «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларының аясында шешіліп жатыр. Елбасының сындарлы саясаты мен осы сара жолды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың лайықты жалғастыруының арқасында көп балалы және аз қамтылған отбасыларға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Біз өз тарапымыздан тұрғындарды тұрғын үймен қамтуға басты назар аударамыз. Мен облыстағы тиісті сала басшыларына бюджеттік тұрғын үйлер салу мен «Қарлығаш» тұрғын үй кешеніндегі сияқты заманауи және сапалы коммерциялық тұрғын үйлерді сатып алу көлемін жыл сайын арттыру туралы тапсырма бердім.

Талдықорған қаласының маңында да көз тартатын коттеджді қалашық бой көтерді. Мұндай жаңа шағын аудандарда тұрғындарға қолайлы болуы үшін балабақшалар, мектептер, аурухана мен сауда үйлері сияқты қажетті нысандарды бірден жоспарлаймыз.


Соның барлығы да халықтың игілігі үшін. Сіздерді қоныс тойларыңызбен тағы бір мәрте құттықтаймын, шаңырақтарыңызға шаттық, береке мен бақыт тілеймін, – деген А. Баталов жаңа пәтер кілттерін табыстап, әр отбасына жаңа теледидар сыйға тартты.

Қоныс иелері атынан сөз алған көп балалы ана Марина Убайдулақызы:

- Мен осыдан 4 жыл бұрын тұрғын үй кезегіне тұрдым. Осындай қуанышты күнге тез жетемін деп ойламаппын. Ең алдымен бізге қамқорлық көрсеткен Президентке алғысымыз зор. Барлық қолдауына ризамыз. Қамқорлық жасап, көңіл бөлу - біз үшін ең үлкен сый, - деді ол.

Қарасай ауданына сапары барысында Амандық Баталов ең алдымен биылғы жылдың 8 қаңтары күнгі газ жарылысы орын алған бес қабатты үйге барып, ондағы жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын көргенін атап өту керек. Оқиға кезінде үйдің бірнеше пәтері бүлінген еді. Осы жерде облыс әкімі көп қабатты үй тұрғындарымен кездесті. Қайтыс болған екі адамның жақындары мен туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға пәтерлерді қалпына келтіру жұмыстары бұдан әрі қалай жүргізілетіні туралы түсіндіріп берді.

– Жобалық-сметалық құжаттарын жасауға қаржы бөлінді, сіздерде жылу бөлек, тамақ дайындайтын газ бөлек болады. Ол үшін блок-модульді қазандық орнатылады. Бұл қауіпсіздік үшін, әрі сапалы болу үшін керек. Сонымен қатар  аула аумақтарын көркейтуге де қаржы бөліп отырмыз, - деді А. Баталов. 


Ж.Далабаевқа тұрғындардан жасақталған бастамашыл топты Талғар ауданындағы «Бозторғай», «Мелиоратор» тұрғын аудандарында салынған блок-модульді қазандықтардың үлгісімен таныстырып, көрсетуді тапсырды. «Қандай жұмысты да құрылыс нормалары мен ережелерінің барлық талаптарын сақтай отырып, техникалық есептеулерді ескере отырып сапалы жүргізу керек. Бұл – ең басты талап, және ол газға қатысты болса, талап тіпті күшті болуы тиіс», – деді А.Баталов.

Сапарының соңында облыс әкімі Қаскелең топтық су бұрғышына барып, ондағы жұмыстармен танысты. 3 кезеңмен жүзеге асырылатын жобаның жалпы құны 9,4 млрд. теңге. Қазіргі кезде 1-кезеңі аяқталған, ол биылғы жылдың наурыз айында іске қосылады. Соның нәтижесінде Қаскелең қаласындағы 60 мыңға жуық тұрғын орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. 2022 жылы ІІ кезеңін іске қосу жоспарланған. Сол кезде Қайрат, Шалқар, Жандосов, Шамалған, Тасқын, Құмарал, Еңбекші, Үштерек, Сауыншы, Әйтей, Көктөбе ауылдарындағы 45 мыңнан астам адам қамтылса, 2023 жылға жоспарланған ІІІ кезеңде 12 елді мекен қамтылады. Су таратқыштың өндірістік қуаты тәулігіне 4150 текше метр таза су таратуға жетеді.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x