Түркістан қаласы әкімінің халыққа есеп беру жиыны өтті

Dalanews 05 ақп. 2020 15:48 140

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов шаһардың былтырғы жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен биылға жоспарланған міндеттер туралы есебін TedX бүкіләлемдік тәжірибе негізіндегі жаңа форматта өткізді. Шаһар басшысының халыққа есеп беру кездесуіне қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев оның жаңашылдығына оң бағасын берді.

– Біз – күллі түркі әлемінің мәдени-рухани ордасына айналған қасиетті мекеніміз  – Түркістан шаһарын тарихи құндылықтарына қиянат жасамай, қаз-қалпы сақтай отырып көркейтуіміз қажет. ЮНЕСКО-ның көне мұралар тізіміне енгелі отырған қасиетті мұрамыздың әрбір алаңы біздің байлығымыз. Осыны жадымызда сақтап, біріге көркейтуіміз қажет, – деді аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев.

Жүз жетпіс бір мың тұрғыны бар қайта жаңғырған Түркістан шаһары облыс орталығына айналғалы үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Облыс орталығында  26 әкімшілік-іскерлік және мәдени орталық нысандары бой көтерді. Халықты баспанамен тұрақты қамту мақсатында биыл қосымша 50-ге жуық тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Алдағы 2-3 жылда жолдарды асфальттау және жарықтандыру мәселесін толығымен қамту жоспарланған.


Демалыс аймақтарын көбейту мақсатында орталық көше бойларынан 10 шақты аллеялар салынған және саябақтар күрделі жөндеуден өткізілген. Қаланы көгалдандыру жұмыстары биыл да жалғасын таппақ. Қала маңынан жалпы аумағы 7,5 мың гектарды құрайтын «Жасыл белдеу» құру жобасы  тыңғылықты іске асып келеді.  Ұзындығы 145 шақырымды құрайтын бетон канал салу жұмыстары жүргізілуде. Осылайша қаланы көгалдандыра отырып, климат жағдайын жақсарту көзделген.



Атап өту керек, шаһар басшысы есеп беруінде онлайн байланыс арқылы жергілікті телеарнаның тікелей эфирі мен әлеуметтік желілер арқылы халықпен тікелей байланыста болып, сауалдарына да жауап берді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x