Түркістанда «Jas Otan» жастар қанатының «Кеңес орталығы» ашылды

Dalanews 02 ақп. 2020 02:44 211

Түркістан қаласындағы «Қуаныш» орталық базарында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының «Кеңес орталығы» ашылады. Ашылу салтанатына  партия филиалының басшылығы және жастар қатысты.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Калыйма Жантөреева: «Бұл орталықта жұртшылыққа тұрғын үй, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, заңгерлік көмек және мемлекеттік бағдарламасы бойынша кеңес беріледі. Партияның бағдарламалары бойынша мағлұмат беріліп, елдің талап-тілегі тыңдалады. Әсіресе, жастардың өзекті мәселелері де назарда болады», – деді.

«Жасотандықтарға» қолдау көрсетіп, арнайы орын ұсынған «Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының  төрайымы Инара Намазбаева партиямен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.


«Jas Otan» жастар қанатының Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Ердәулет Әдиат «Jastar – Otanga!» партиялық жобасы аясындағы бастамаға қолдау білдірген жанашыр жандарға алғысын білдірді. «Кеңес орталығында» халыққа қызмет көрсету, жұмыспен қамту және жастар ресурстық орталығының өкілдері, мәслихат депутаттары, кәсіби психологтар да жастармен жүздесіп тұратынын айтты.



«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x