Түркістан. Екі кәсіпкер көпбалалы екі отбасына үй сатып алып берді

Dalanews 30 қаң. 2020 06:29 315

Түркістан облысы «Nur Otan» партиясы филиалы «Қамқорлық» бағдарламасын бастап, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсете бастағанын Dalanews.kz ақпарат агенттігі бұған дейін жазған болатын. Күні кеше ғана облыстағы Көксарай ауылында партияның бастауыш партия ұйымының бастамасымен, осы ауылдың жомарт жандары Молдалы Алтай, Қуандық Шалқар есімді азаматтары әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген көп балалалы отбасыларға екі тұрғын үй сатып әперді.

Тәңірдің сыйға берген ризық-несібесін теріп жеп келе жатқан мына жұмыр жердің бетінде қиналған жанға жүрегінен жылу сыйлап, жанашырлық пейілімен көмек қолын созып, шынайы қамқорлығын нақты істер арқылы жарқыратып көрсете білетін қазақтай мейірімді, қайырымды халық көп кездеспесі анық.

Сан ғасырлар бойы атадан балаға жалғасып, озық үлгі-өнеге ретінде үзілмей жалғасып келе жатқан осындай ізгілікті қасиетке толы үрдіс Көксарай ауылында көрініс тапқанына куә болдық.

Түркістан облыс әкімі Ө.Шөкеевтің бастамасымен өтіп жатқан «Қамқорлық» бағдарламасына қызу үн қосқан қайырымды азаматтардың демеушілігімен сатып алынған үйлерде арнайы болған Отырар аудан әкімі Ә.Жүнісов, аудандық партия филиалының кеңесшісі С.Сейілбектер құтты қонысқа қолдары жетіп, шексіз қуанышқа кенелген отбасыларды жаңа қоныстарымен жылы лебіздері арқылы құттықтап, бағалы заттай сыйлықтарын табыс етті.



Өздерінің жеке қаржыларынан қиналмастан 6 миллион теңге шығарып, ауылдастарына қуаныш сыйлаған жомарт жүректі жандарға алғысын айтқан әкім олардың алдағы қызметтеріне бақ-береке мен толағай табыстар тіледі.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x