Шығыс Қазақстан мен Германия арасындағы байланыс жанданып келеді

Dalanews 13 қар. 2019 13:43 288

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов Қазақстандағы Германияның төтенше өкілетті елшісі Тило Клиннермен кездесіп, экономикалық әріптестік мәселелерін сөз етті. Аймаққа жасаған сапары барысында неміс елшісі өзімен бірге Германиядан келген бір топ кәсіпкерлерді ерте келгенін айта кетуіміз керек.

Өз кезегінде Тило Клиннер Шығыс Қазақстан облысының экономикалық әлеуеті неміс кәсіпкерлерін қатты қызықтыратынын алға тартты. Сол себепті ол неміс кәсіпкерлерінің басын қосып ШҚО-ға келгенін айтты.

Германиядан келген кәсіпкерлер бірінші кезекте «Қазмырыш» және «Үлбі металлургия зауытының» жұмысымен танысты. Бұдан кейін елші бастаған кәсіпкерлерді аймақ басшысы Даниал Ахметов қабылдап, өзара пікір алмасты.



– Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарларыңыздың барысында өңірдің экономикалық мүмкіндігі жайында мол мәлімет алғандарыңызға сенімдімін. Елші мырза, сіздің бұған дейін біздің облысымызға жасаған жұмыс сапарыңызда бірлесіп жұмыс істеу, арнайы жұмыс тобын құру турасында ой бөліскен едік. Осы ретте біздер сізге хат жолдап Шығыс Қазақстан облысы Еуропадағы жетекші ел Германиямен ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау және туризм саласында ынтамақтастық орнатуға мүдделі екенімізді атап көрсеткенбіз. Бүгін сол ортақ мақсатымызға алғашқы қадам жасалынды, – деп ШҚО әкімі Даниал Ахметов ойын ортаға салды.

Өз кезегінде елші Тило Клиннер мырза бірнеше жылдан бері Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқан SAP Kazakhstan IT компаниясы «Қазмырыш» және «Азия Авто» компанияларымен әріптестік қарым-қатынасты дамыту бағытында меморандумға қол қойғанын алға тартты.

Айталық, «Азия Авто» компаниясымен меморандумға қол қойған SAP Kazakhstan алдағы уақытта Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің базасында өзінің орталығын ашуға ниеттеніп отыр. Бұдан басқа неміс инвесторлары ШҚО-да қалдықтарды өңдейтін фабрика салу мәселесін де қозғағанын айта кетуіміз керек.    


– Құрметті әкім мырза, Сізге жазған соңғы хатымда Қазақстан сараптамалық білім саласын дамытуға қатысты өз ойымда айтқан едім. Біздің Фридберг деп аталатын қаламызда дәл осы бағытта жұмыс істейтін университет бар. Алдағы уақытта біздің университет пен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ өзара ынтмақтасып жұмыс істеу мәселесін талқылауға болады. Бұл бағытта екі жақтың мүмкіндігі жоғары деп білемін. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинге келген сәтінде қалдықтарды өңдейтін фабрика салу мәселесін сөз еткен-ді. Алдағы уақытта біздер бұл бағытта жұмыс істеп, үлкен жетістіктерге жететінімізге сенімдімін, – деп елші Тило Клиннер мырза екі елдің арасындағы ынтымақтастыққа келешегі зор екенін тілге тиек етті.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x