Балаларға өмір сыйлаған орталық

Dalanews 05 қар. 2019 06:02 311

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне қарасты 2016 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан "әлеуметтік қызмет көрсету орталығы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны психоневрологиялық патологиясы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға және жалғыз басты қарт адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуде.

Арнайы әлеуметтік қызметті үйде де, жартылай стационар жағдайында да алуға болады. Қазіргі таңда орталықта 3 бөлімше бар. Олар церебралды сал ауруы диагнозы бар балалар бөлімшесі, даун диагнозы мен аутизм диагнозы бөлімшелері. Орталық үшбұрыш-пирамида жүйесі бойынша жұмыс істейді. Мұнда маман – әлеуметтік қызметкер-ана.

Бала оңалтуға келгенде, орталықтың мамандары балаға жеке диагностика жүргізіп, медициналық мультикомандалық баға береді. Сонан соң баланы емдеудің жеке жоспарын жасайды.

Орталықта психологтар, дефектологтар, логопедтер, реабилитологтар, ортопедтар, невропатологтар, сондай-ақ еңбек терапиясы мен музыкотерапия мамандары жұмыс істейді.


– Бүгінгі таңда бізде 1040 қызмет алушы бар. Олардың 560-ы мүмкіндігі шектеулі балалар, 480-ы жалғыз басты қарт адамдар. Оңалту ұзақтығы 3 айды құрайды және жылына 4 рет өтеді. Біздің негізгі қызметіміз арнайы әлеуметтік көмекті үйде көрсету. Біздің әлеуметтік қызметкер қызмет алушыға аптасына 2 рет барады. Орталықтың балалармен белсенді жұмыстануы нәтижесінде 30 - ға жуық бала алғашқы қадамдарын жасап, алғашқы сөздерін айтты, – деді директордың міндетін атқарушы Аманбай Ердәулет.

Орталық күн сайын балаларды оңалту бойынша іс-шаралар өткізеді. "Бұл орталыққа 4 жыл бойы келудеміз. Менің немерем бұл жерде басқа балалармен араласады, ойнайды. Осы 4 жыл ішінде көп нәрсені үйреніп үлгерді. Орталыққа келуге әрдайым асық, үлкен қуанышпен келеді. Орталық қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіремін" деп Михаил есімді баланың әжесі Светлана Романенко өз ойымен бөлісті.

Орталық мамандары 8 арнайы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Олар – әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық қызметтер болып жіктеледі.

 

https://www.youtube.com/watch?v=FoZOAVKUU9g

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x