Зайсандық жас кәсіпкер сирек кездесетін тауық өсіруде (фото)

Dalanews 24 қаз. 2019 11:13 277

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында Мейрамбек Әлихан құс шаруашылығымен айналысып, өңірде кездеспейтін африка тауықтарын өсіруде.

Мейрамбек Әлиханның Қытайдан қоныс аударғанына бір жыл болған. Мысыр тауығын өсіруді сол жақта үйренген екен.

Қазір сол көргені бойынша өз бизнесін бастап отыр.



«Қытайда бұларды меруерт тауық деп атайды. Мен жұмыс істеген кәсіпорында мыңдаған тауық өсіретін. Бұл құстардың бабын, қандай жем жейтінін, қандай күтім керек екенін жақсы білемін. Сондықтан, осы іске бет бұрдық» - дейді жас кәсіпкер.

Айтуынша, жұбайы екеуі де «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, іскерліктің әліппесін меңгерген.

Ал «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша берілетін грантқа инкубатор аппаратын сатып алған. Мысыр тауығының 50 балапанын Алматы облысынан тапсырыспен алдырыпты.

«Аппарат 250 мың теңгеге шықты. Бір жолда 1056 жұмыртқа шайқайды. Одан үлкенін алуға гранттың ақшасы жетпеді. Ресейден 500 қаздың жұмыртқасына тапсырыс беріп, жаз бойы өсіріп шықтым» - дейді Мейрамбек Әлихан.

Бүгінгі таңда жас кәсіпкер алғашқы өнімін Алматы мен Астана мейрамханаларына сатты. Дегенмен сұраныс жоғары.


Бірақ Мейрамбек Әлиханның айтуынша, жергілікті әкімдік тарапынан 7 га жер берілсе, шаруашылық одан әрі кеңейіп жоғары сұранысқа жауап берер еді.

Жер рәсімдеу мәселелерін аяқтап, енді әкімдік тарапынан жауап күтуде. Өйткені ауласындағы 10 сотық жерге үлкен шаруашылықты дөңгелету мүмкін емес.



«Нарықта бір жұмыртқасының өзі 350 теңге тұрады. Халықаралық интернет сауда желісіне тауар өндіруші ретінде кіру үшін құстың басы 3000-нан асуы тиіс екен. Бір келгенде 2000 дана жұмыртқа тапсыра алатын деңгейге жетсек, өздері-ақ әкетіп отырады. Менен тек ветеринарлық стандарттарды қатаң сақтау талап етіледі. Яғни сыртқа тасуға ешқандай шығын кетпейді. Бұл межеге жету үшін шаруашылықты кеңейту қажет» - дейді жас кәсіпкер.

Әсем Жылқышева




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x