Түркістан – театр тарландырының көзімен

Dalanews 02 қыр. 2019 06:10 268

Жалпы өнер иелері қашанда кірпияз әрі сезімтал келеді. Ол кісілер өз өнері арқылы бойымызды рухани тынықтырып, санамызға сілкініс жасайтын құдіретке ие. Әсерлі рөлі арқылы көпшіліктің яки жанарын жасқа, яки езуін күлкіге қарық қылатын талантты тұлғалардан қайта түлеп, жақында облыс орталығы атанғанына бір жыл толған Түркістан хақында пікір сұраған болатынбыз. Жауаптары төмендегідей.

Нұркен Өтеуіл, Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Әрбір өнер иесі үшін Түркістанның алар орны ерекше

– Әрбір өнер иесі рухани байлықты қашанда жоғары қояды. Оның тұла бойы тұнған сезім болғандықтан рухани азыққа қашанда мұқтаж. Кейде қоғам өнер адамдарын түсінбей де жатады. Сондықтан бұл сала иелері көпшіліктен өзгеше. Әрбір өнер иесі үшін Түркістанның алар орны ерекше. Оның әр кірпіші тұнған тарих, әр төбесі бір дастан. Қойнауы қазына, даласы мол мұра саналатын шаһар ұлтымыз үшін де аса қадірлі. Қазақ хандығының астанасы болған, түркі жұрты үшін рухани-мәдени орда атанған қалада Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орналасқан. Х ғасырда салынған Шығыс моншасы да қалаға ерекше көрік беріп тұр. Алғашқы мың жылдықтан бері келе жатқан Түркістан Қазақстан тарихында ең көп кездесетін бекініс, шаһар десек артық болмас. Ондағы әсем сәулетті нысандардың өзі бір ерек. Қалада жүргенде өзгеше сезімге бөленіп, орта ғасырдың алтын кезеңінде күн кешкендей боласың. Осы күнге дейін қаланың логистика және сервис мәселелері туралы жиі еститінмін. Қаланың облыс орталығы болып, Түркістан облысы деп қайта аталуы сол оқылықтарды жояды деп ойлаймын. Көрікті саябақтар менен аллеялар, ойын-сауық орталықтары да бой қажет деп есептеймін. Сөзсіз, қала өзінің тарихи бейнесін жоғалтпауы тиіс. Содан қалар қала ұлттық нақышта қайта түлеп, көне нысандар рестоврациядан өтпек. Дегенмен, заман талабына сай сәулет ғимараттары да артықтық етпейді. Қазақстанның әр облысы да түрлі нысандар салып бермек екен. Бұл халқымыздың бірлігін танытады.

Қалада жаңа Халықаралық әуежай құрылысы жүргізілуде екен. Ол алыс-жақын шет елге шығуға мүмкіндік бермек. Бұл дегенеміз алдағы уақытта алыс елдердегі туристерге де жол ашылмақ. Дегенмен, бастысы шаһардың өз атына лайықты болғанын қалаймыз. Себебі Түркістан - түркі дүниесінің алтын бесігі, қайнар ордасы, баға жетпес байлығы деп білемін.

Қуандық Қыстықбаев, театр және кино актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Түркістан жер беті таңдай қақтырар қалаға айналарына сенімім мол

– Тарихта Йассы, Шавгар атанған Түркістан көне қалалардың бірі. Ол халқымыз үшін ғана емес, жалпы түркі жұрты үшін қасиетті саналады. Жылда он мыңдаған адам Түркістан қаласына Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көріп, дұға етіп, рухани азықтануға барады. Алыс-жақын шет елден келер азаматтар да баршылық. Оның барлығы қаланың мол тарихымен байланысты. Оның ауасын жұтып, суын ішкен адам оған ғашық болмай кетпейтін болар. Талай ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болған өлкеде Арыстан баб пен Қожа Ахмет Яссауи кесенелері, «Ақ мешіт әулие» үңгірі, Қасиетті Домалақ ана мен Үкаша ата кесенелері, Жеті қабат дуалмен қоршалған көне Сауран қаласы, Жылаған ата үңгірі, Жылаған ата бұлағы жеті кереметі бар. Әбу Насыр Әл-Фараби әлемнің екінші ұстазы атанып, ұлы даламызға 40-қа жуық ойшылды сыйлаған көне Фараб қаласы да осы далада орын тепкен.Өз қойнауында хандарымыз бен билеріміздің, сұлтандарымыз бен бектеріміздің, батырларымыз бен абыздарымыздың қорымы жатқан құтты жер қазақ халқы үшін құнды аймаққа жатады.Содан болса керек, 2018 жылдың 19 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіріп, Түркістан облысы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды.

Тарихи тамырынан ажырамай, өркениетке қадам басқан Түркістан қаласының облыс орталығына айналғанына да 1 жыл өте шығыпты. Әрине, бір жыл көп емес. Десе де осы бір қысқа уақыт аралығында қыруар іс тыңғылықты жасалып, өз жемісін бере бастады. Тек облыс емес, еліміз үшін мегажобалардың тұсауы да кесілді. Мұның барлығы алдағы уақытта өз нәтижесін беретіндігіне еш күмәнім жоқ.Жаңадан сан түрлі нысандар бой көтеріп, көне ғимараттар күрделі жөндеуден өтпек. Бастысы, қаланың өзіндік болмысы сақталып, ұлттық нақышқа ерекше көңіл бөлінбек. Алдағы уақыттажүйелі атқарылар жұмыстар арқылы кербез мекеннің алып шаһарға айналып, жер беті таңдай қақтырар қала атанарына сенімім мол.

Сая Тоқманғалиева, театр актрисасы, «Серпер» жастар сыйлығының иегері:

Түркістан – киелі мекен

– Түркістан – киелі мекен. Түркі жұртына аса қадірлі, халқымыз үшін қастерлі шаһар ғасыр толқынында жойылмай, орныға білген тарихтың алтын бөлігі. Мұнда ерте дәуірдің өзінде бүтін бір ұлт үшін маңызды шешімдер қабылданып, хандар ордаларын тіккен. Әлемді аузына қаратқан данышпандар түрлі жаңалықтар ашса, ойшылдар көрнекті еңбектерін жазған. Жер жүзі мойындаған, ІІ ұстаз атанған аса көрнекті ғалым, ойшыл, философ Әбу-Насыр Әл-Фарабидің кіндігі тамып, алғашқы қадамын жасаған көне Фараб қаласы да осында. Түркі әлеміндегі ислам дінінің көрнекті өкілі, софылық ілімді терең зерттеп, зерделеген Қожа Ахмет Яссауи шәкірт тәрбиелеп, хикметтерін де осы шаһарда жазған, өзі де осында жерленген. Орта Азияны дүр сілкіндірген даңқты қолбасшы, жұрт арасында Ақсақ Темір атанған Әмір Темір ұлы тұлғаға арнап кесене соқтырып, құрмет танытқан. Домалақ ана кесенесі, Ақ үңгір, Үкәш ата кесенелері де осы далада жатыр. Кезінде дастанын жарыса жаттап, сан рет қайталаған атақты Отырар қаласы да бұл даланың мақтанышы. Көне деректерге сүйенсек, Түркістан әр дәуірде ерекше маңызды рөл ойнаған. Бірінде әскери бекініс, бірінде ғылым мен өнер қаласы, енді бірінде хан ордасы болған.

2018 жылы еліміз үшін айтулы жаңалықтардың бірі болған оқиға Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына көшіріліп, облыс Түркістан деп аталуы еді. Бір жыл ішінде қаланың бас жоспары бекітіліп, облыста жаңа бірнеше аудан пайда болды. Түркістан қаласының өзі қайнаған құрылыстың ортасына айналды. Сәулеті мен дәулеті тасыған ғимараттар бой көтеріп, көптеген тарихи нысандар күрделі жөндеуден өтуде. Алдағы он жылдыққа қазықтай қадаған нақты міндеттері де бар. Тарихын ұлықтайтын біздей халықтың мұндай істі қолға алуы орынды деп білемін. Тек бастысы Түркістан өз бейнесін жоғалтпай, түркі дүниесі үшін мәдени-рухани астанасы атанып қала берсе деп тілеймін.

Олжас Жақыпбек, театр актері, композитор, «Серпер» жастар сыйлығының иегері:

Түркістан көне дәуірдегі түркі жұртының ордасы

– Орта ғасырларда күллі түркі жұртының ата-қонысы аталған Түркістан қаласы қай жағынан алып қарасақ та еліміз үшін аса маңызды. Көне дәуірдің өзінде саяси тұрғыдан аса маңызды рөлге ие болған шаһар хандар мен билердің, сұлтандар мен төрелердің қоныс етіп, мекен еткен жері саналады. Онда жұрт аузындағы Әзірет Сұлтан атанған Қожа Ахмет Яссауидің мекен етіп, ілім жалғап, шәкірт тәрбиелеп, соңында сонда жерленуі Түркістанның қасиеттілігін айшықтай түседі. Араға 300 жылдай уақыт салып Әмір Темірдің ұлы бабаға кесене орнатуы да бекер емес. Азия мен Еуропаны жалғаған Ұлы Жібек жолының тармақтары осы өңірден өтіп, сауда-саттықтың қайнаған ортасына да айналған кезең болған. Өз уақытында өркениет көшінің бастауы атанып, көрші елдер қызыға да қызғана да қарайтын шаһар ретінде танылды. Бертін келе ХІХ ғасырдың аяғында қазақ даласында алғаш жарық көрген Түркістан Уәлаяты газетінің де дәл солай аталуы бекер емес. Алаштың ардақты ұлдарының бір тобы Түркістан автономиясын құруды көксеп, батыл бастамалар да көтерген еді. Халқымыздың дара тұлғасы Саттар Ерубаевтың да Түркістан қаласымен байланысы зор. Мұндай мысалдар айта берсек жетеді және олардың әр бірі қаланың мәртебесін еселемесе, төмендетпейді.

Өткен жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркістан облысын құрып, оның орталығы ретінде Түркістан қаласын бекіткен болатын. Жоғарыда аталған жәйіттерді ескерсек, бұл шешім өте орынды деп білемін. Ғасырлар бойы халқымыздың тағдырында айтарлықтай орын алған шаһарға да, өңірге де ерекше көңіл бөлінуі қалыпты іс. Алдағы уақытта тек қана облыс орталығы болып қоймай, тізбектелген тарихи құндылықтарын қайта жаңғыртып, әлем сахнасына көтерер болсақ өткен мен бүгінге деген ерекше құрмет танытқан болар едік. Бұл тұрғыда тынымсыз еңбек пенен ірі бастамалар көтерілсе, алдағы он жылдықта Түркістан жаңа түркі дүниесінің мақтанышына айналады.

Ерболат Жасұлан, театр актері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:

Халқымыздың қасиетті мекені – Түркістан

– Жалпы Түркістан туралы ой өрбітер алдын ұлтымыздың өткеніне тереңнен өңілгеніміз абзал. Оның қатпар беттерінің қай кезеңін қарасаңыз Түркістан ерекше аталып өтеді. Сөзсіз, орта ғасырларда өзгеше аталғанымен сол көне шаһар халқымыздың тарихында ойып тұрып із қалдырған. Тек халқымыз үшін емес, түркі жұрты үшін қасиетті саналады. Алғашқы мың жылдықтың өзінде Фараб секілді қалалар өз дәуірінің көшін бастап тұрған. Сол тұста жер жүзін мойындатқан, әлемде Аристотельден кейін екінші ұстаз атанған Әб-Насыр Әл-Фараби дүниеге келіп, сол өңірде алғашқы ілімін алған. Орта ғасырда хандарымыз ордасын тігіп, ел басқарса, шайыр-жыраулар жырға қосқан ол қаланы. ХІV ғасырдың өзінде араб саяхатшылары «Түркілер елі» деп күллі әлемге танытса, М. Қашкари Түркістан қаласы мен оның аймағына қатысты және оның халқының тілі, діні, ділі салты хақында кейінгі ұрпаққа мол ақпарат қалдырды. Ислам дінінің көрнекті өкілі Әзірет Сұлтан кесенесінің өзі сәулет өнерінің озық туындысы, рухани мекен саналады. Сол кесене маңайында Есім хан мен қатар көптеген хандарымыз жерленген.

Бүгінде түркі елдері үшін аса қызығушылық тудыратын Түркістанның туристік қала атануға барлық мүмкіндігі бар. Дегенмен, сервистік мәселелер, логистика жағына әлі де болсын жақсартқан жөн секілді. Қаланың облыс орталығы болғаны осы сынды дүниелерді түзеуге мүмкіндік береді деп сенемін. Жаңа Түркістанның Шығыстық Сәулет дизайны мен ұлттық нақышта салынатыны көңіл қуантады. Бұл қаланың өз ажарын жоғалтпай, заман талабына сай түрленуіне мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ақпараттық қолдау мен жарнама мәселесін де назарда ұстаған абзал. Қанша керемет болғанымен оны әлемге таныстыра алмасақ, жұртшылық Түркістан туралы есітіп, білмесе қалада туристік класстерді дамыту мүмкін болмайды. Жеңіл жол, жайлы қонақ үй мен сәулетті қала ғана туристердің қызығушылығын тудырады деп есептеймін.

 

 

Дайындаған: Бекарыстан АМАНЖОЛ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x