Семейде мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтитын бағдарлама әзірленді

Dalanews 11 там. 2019 08:13 213

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі, Семей қаласы әкімдігі және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арасында «Бақытты отбасы»​ бағдарламасын іске асыруға арналған меморандум жасалды.

Ағымдағы жылдың 17 шілдесінен бастап құжаттар қабылдана бастады. Бұл бағдарламаға төрт және одан да көп баласы бар отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылардың және кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар толық емес отбасылардың қатысу құқығы бар.



-​ ​Бағдарламаның негізгі талабы – үміткердің жергілікті атқарушы органның тұрғын үй кезегінде тұруы қажет. Сондай-ақ, соңғы 5 жылда отбасы мүшелерінің атында үй болмауы міндеттеледі. ​

Ал, толық емес отбасылар үшін неке бұзу мерзімі 3 жылдан асуы керек. Үміткер тұрғын үйдің алғашқы 10 пайыз салымын төлеп, жылдық 2 пайыз мөлшерлемесімен 20 жылға дейін несиеге алады. Зайым соммасы – 10 млн. теңгеге дейін.

Үміткерлер баспананы аталған үш бағыт бойынша ала алады. Олар: жаңа пәтер, нарықтағы пәтер және жекеменшік тұрғын үй.


Ал, алғашқы жарнаны төлей алмайтын отбасыларға​ қала бюджетінен 1 млн теңге көлеміндегі сертификат тапсырылатын болады, - деді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Диана Шаяхметова.

Семей қаласы ақпараттық орталығының мәліметінше, осы уақытқа дейін 78 құжат қаралып, төлем қабілеттілігінің бағалауын анықтауға банкке жолдама алған, оның 25 құжат​ өңделуде. Бағдарламаға сәйкес, құжаттар тәулік ішінде тексерілуі тиіс.

 

Дереккөз: Алтайньюс 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x