Шалкөде жайлауында Шопандар тойы өтті

Dalanews 25 шіл. 2019 18:40 485

Алматы облысының жайлауларында шопандардың тойын ұйымдастырып, еңбегімен жұрттың ықыласына бөленген жандарға құрмет көрсету баяғыдан қалыптасқан дәстүр десек болады. Соңғы уақыттары Шопан тойын Райымбек пен Панфилов ауданы әкімдігі қайта жаңғыртып, жайлауға шыққан малсақ қазақты қуанышқа келтірген болатын. Биыл сол игі дәстүр Райымбек ауданына қарасты Шалкөде жайлауында жалғасын тапты.

Райымбек ауданы әкімдігі ұйымдастырған тойға жайлауда жүрген жұрт тегіс қатысты десек болады. Бұл той қазақтың қонақжайлығын, жомарттық пен мәрттігін, береке бірлігін айдай әлемге паш еткеніне тағы бір мәрте куә болдық.

Кезінде малшылардың слетін ел болып асыға күтетін-ді. Соңғы жылдары «Қымызмұрындық» тойы ретінде ұйымдастырылып жүрген бұл шара биыл да жоғары деңгейде өтті. Балуандар күресі мен бәйге тойды қыздыра түсті. Тазы жарысы, тай бәйге, құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге, теңге ілу, қыз қуу...

Шалкөдедегі тойда ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, қазақтың төл өнері кең даланы кернеп, жиналған жұртқа қуаныш сыйлағанын айта кетуіміз керек. Ұйымдастырушылар қазақтың көнеден келе жатқан «Қымызмұрындық» дәстүрін жаңғыртты. «Ауруға ем болатын, сау адамға қуат қымызды кім жақсы көрмейді дерсіз. Өн-бойымызға күш-қуат беретін қасиетті сусын қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең құрметті дастарқан дәмінің бірі.

Қазақ үшін жылқы – қасиетті жануар. Нағыз қазақ жылқының жанарына қарап тазарған. Оның бал қымызын татып, бабалар рухымен қуаттанғаны белгілі. Қымызды қанына, жылқыны жанына балағаны анық. Қымыз – тек тағам емес, сонымен қатар халықтың қасиетін, дәулетін, мырзалығын, дастарқан берекесін білдіретін ырыс белгісі.

ЮНЕСКО-ның шешімімен ұлы мұрамызды ұлықтайтын, қазақтың ұлттық болмысын айқындайтын «Қымызмұрындық», «Бие байлау» жоралғыларын қамтитын «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» адамзаттың материалдық емес, мәдени мұраларының тізіміне енгені белгілі.

Қазақ халқы салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа ұлттық құндылықтарға бай халық. Егемен елдің іргесі биіктеп, еңсесі көтерілгелі сан ғасырлар бойы қалыптасқан ата-дәстүр жалғасын тауып, бір кездері ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырды. Салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі ретінде бүгінгі ұйымдастырылып отырған «Қымызмұрындық» мерекесінің орны орасан зор. Ендігі кезекте жас ұрпақ сол бабалар ізімен жалғасқан ұлттық дәстүрді болашаққа аманаттаудың маңызы зор.

Атақты Шалкөде жайлауында өткен дүбірлі той барысында  «Ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын жақсарту, ауданда кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында семинар кеңес те болып өтті.

Семинарға Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров пен Кеген ауданының әкімі Талғат Байедилов қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Басқосу барысында Райымбек ауданы әкімі еңбек иегерлері мен шаруа қожалық қызметкерлері мерекемен құттықтап, арнайы алғыс хаттар мен аттың ер-тұрманын табыс етті.

Райымбек ауданы ауыл шаруашылығы бағытындағы аудан. Түгін тартсаң майы шығатын дарқан даласы, жанға жайлы табиғаты, жердің ерекше құнарлылығы ауданда ауыл шаруашылығын дамытып, жетілдіруге толық мүмкіндік беріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, ауданның экономикалық дамуы ауыл шаруашылығы саласына тікелей байланысты. Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығын дамытудың тың жолдары қолға алынып, шынайы қамқорлықты сезінген ауыл еңбеккерлері қарқынмен еңбектеніп, жетістіктерге қол жеткізуде. Бұл салаға мемлекет тарапынан көмектер жасалып, қолдау көлемі жыл сайын артып келеді.

Семинар барысында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы көрмесінде 2018 жылы Ресейдің Алтай өлкесінен әкелінген «Герефорд» тұқымды ірі қара малының аналық басын «Расилбай» шаруа қожалығы жұртшылық назарына ұсынды. Бұдан басқа асылтұқымды қошқарлар мен жылқы малдары да  қойылды.

Биылғы қожалық 470 бас «Герефорд» тұқымды мал әкелуге келісімшарт жасасқаны белгілі. Жиналған жұрт қожалықтың иелері ағайынды Нарын мен Ғалым есімді азаматтарға көкейіндегі сауалдарын қойып, керекті ақпарат алды.

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында қазақтың ұлттық ойындары ойнатылды. Атап айтсақ, қазақша күрес, теңге ілу, аударыспақ, қыз қуу, қол күрес, қошқар көтеру, тазы жүгіртумен қоса аламан бәйгеге ұласты. Осы ретте ауданның мақтаныштары, ағайынды Ардақ, Бейбіт Назаровтар жеңімпаздарға жүлделер табыстады. Бір күнге созылған малшылар мерекесі осылайша, жоғары деңгейді өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x