Санаға сілкініс берген –Түркістан

Dalanews 29 шіл. 2019 03:32 357

Түркістан – түркі дүниесінің рухани ордасы, Ұлы Жібек жолының сабақтасар иірімі, қазақ халқының қазынасы. Осы бір ордалы мекеннің облыс орталығы атанып, мәртебесі еселенгеніне де, міне, бір жыл толып отыр. Қалың жұртшылықты бір сілкіндірген айтулы жаңалық қызуы әлі де басылмады, әзір басылмайды да. Себебі өңірдегі тоқтаусыз құрылыс, жаңа бастамалар менен тың жобалар көптің назарында. Осы тұста, елге белгілі тұлғалар менен қоғам зиялыларының кешегі және бүгінгі Түркістан жайлы пікірлерін таразылап көрген болатынбыз. Ыстық ықыласпен қабыл аласыздар деп сенеміз.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

«Түркістан десе – қазақтың рухани дүниесі тұрады»

Түркістан облысының құрылуында екі жақтан жіктеп қарағанымыз абзал. Олардың бірі экономикалық болса, екіншісі сөзсіз рухани бағыты. Экономикалық жағына келген кезде бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы жайлы сөз қозғаған абзал. Онда 3 млн-ға жуық халық тұрды. Қазақстандағы ең тығыз орналасқан аймақ болды. Сондықтан да бұл облысты бөлу туралы ой көптен бері талқыланып жүрген болатын. Бір жағынан облысты екіге бөлу экономика жағынан тиімді, келесі жағы Шымкент қаласы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі 1 млн-нан астам халқы бар қалаға айналды. Сондықтанда Шымкент қаласына арнайы статус беру арқылы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына ауыстыру экономикалық тұстан өте тиімді деп есептеймін. Жалпы республиканы териториялық басқарудағы облыстардың саны аймақ көлеміне сәйкес келуі керек. Түркістан облысын құру арқылы бұрынғы ОҚО көптеген аудандарының экономикалық дамуына Шымкент қаласының бөлініп шығуының өзі өте қатты әсер етеді деп ойлаймын. Себебі парламент мүшесі ретінда зерделеп көрсек, ОҚО негізгі бюджетін беретін Шымкент қаласы, ал қалған аудандарының көпшіліктерінде сол бюджет Шымкент қаласы, болмаса республикалық трансфер арқылы қалыптасатын. Жалпы облыстың жаңа статус алуы арқылы Шымент қаласынан бөлініп шығуы экономикалық жағынан облыстың дамуына, соның ішінде аудандардың дамуына үлкен серпін береді деп есептеймін. Бұл экономикалық жағы болар болса, келесі рухани жағынан талқылап көрелік.

Түркістан Қазақстандағы ең көне, ежелгі қалалардың бірі. Қазақтың ең маңдай алды азаматтары, көптеген хандарыменен кезінде қазақ хандығының дамуына үлес қосқан ұлы адамдар, ұлы хандар, батырлар мен билер, ірі сұлтандар осы Түркістан қаласында жерленген. Діни жағынан қарағанымызда Қазақстан мен Орталық Азияға діни тұрғыдан алып қарағанда Қожа Ахмет Яссауи бабымыздың кесенесің орналасуы, жалпы Түркістан қаласының рөлі зор. Сол себепті осы рухани жағына келгенде де Түркістанның атауын иелене отырып, облыс болып қалуы қазақ ұлты үшін, Қазақстан үшін ерекше жағдай. Жоғарыда атап өткенімдей осы бір көптен бері көтеріліп жүрген мәселені Тұңғыш Президентіміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының дер кезінде облыс ретінде құрғанын өз басым, жалпы қазақстандықтардың көпшілігі құптады һәм жақтады. Өйткені, Түркістан десе – қазақтың рухани дүниесі тұрады. Руханидың ішіне бәрі кіреді. Ол мәдени сала, діни, тағы басқа құндылықтардың бәрі рухани салаға тиісті. Міне, сол Түркістан облысының құрылғанына ла бір жыл толып отыр. Облыста бүгінде көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Жақында болған іс-сапарым барысында байқағаным үйлер көптеп салынып, абаттандыру, құрылыс, көшелерді қайтадан жұмыстары жұмыстары, рухани салаларға байланысты жұмыстар өте көп. Атап өткен дүниелерімнің бәрін ескерер болсақ, үш-төрт жылдың көлемінде Түркістан толық қанды облыс орталығына айналады деп мен өз басым сенемін.

Асқарбек Құсайынов, Педагогикалық Ғылымдар Академиясының президенті, Германияның доктор-инженері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан, Ресей білім академиясының шетелдік мүшесі, 5 отандық және халықаралық академиялардың академигі, «Вестник» АПНК журналының Бас редакторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстандағы салыстырмалы педагогика ғылымының негізін салушы, Ресей Білім академиясының Салыстырмалы педагогика ғылыми кеңесі төрағасының орынбасары, Бүкілдүниежүзілік салыстырмалы білім беру қоғамдары кеңесінің Атқарушы комитетінің мүшесі:

«Болашақта Түркістан – еліміздің рухани діңгегі ретінде қайта түлеп, озық облыстардың алдында боларына сенімім мол»

Ғылым – нақтылықты ұнатса, ғалымдар дабыраға салмай, байыппен, нақты дәйекпен сөйлейді. Олардың зерттеу нысандары, талқыға салар объектілері болуы шарт. Сонда ғылым дамып, ғалымдар тың жаңалықтар ашады. Біздің, қазақ ғылымының даму шарқы түрлі феномендік төңкерістерден тұрады. Әр дәуірдің өз артықшылығы мен ғылымға әкелген сүбелі үлесі бар. Олардың арасында қашанда шоқтығы биік тұратын, түркі елі үшін аса маңызға ие Түркістан өңірі тұнып тұрған қазына.

Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің өзі айтып таусылмайтын ұлы жәдігеріміз, мол мұрамыз болып табылады. Грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» және т.б көптеген еңбектеріне түсініктемелер жазып, өз трактаттары арқылы дүние жүзі мойындаған ғалым осы құтты мекен Түркістан өңірінде дүниеге келген. Одан өзге көне Отырарда дүниеге келіп, ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан 30 дан аса ғалымдар болған. Бұл дегеніміз, осы күнгі Түркістан өңірінде үлкен ғылым ошағы болып, мыңдаған шәкірт тәрбиелейтін мектептердің қызмет еткендігін айқын дәлелі. Сондықтан да, Түркістан өңірі тек рухани астанамыз емес, ғылым ордасы болды деп айтуға да негіз бар.

Елбасымыз 2018 жылы Оңтүстік өңірдің орталығын Түркістан қаласына көшіріп, оны Түркістан облысы деп қайта атады. Бұл ең алдымен бабалар рухына деген құрмет, тарихқа тағзым, санаға сілкініс деп білемін. Салынатын ғимараттардың барлығы шығыстық үлгіде салынып, тарихи болмысын сақтауы – көне Түркістанға, көне Отырар даласына жасалған зор құрмет. Тарихтан алшақтамай, оны бүгінгі өмір тынысымен сабақтастырып, қайта түлету үлкен жігер мен бастамашылдықтың нәтижесі деп есептеймін. Болашақта Түркістан – еліміздің рухани діңгегі ретінде қайта түлеп, озық облыстардың алдында боларына сенімім мол.

Оразкүл Асанғазы, мемлекет және қоғам қайраткері:

«Түлеген тарих, жаңғырған шаһар»

Сан ғасырлар бойы байтақ даламыздың тәу етер төрі астанасы мен айбары, сәні мен салтанаты болған Түркістан тәуелсіздік кезінде тағы да түлеуде. Алланың назары ауған қасиетті қала былтыр 2018 жылдың  19 маусымында Тұңғыш Президентіміз– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының  кейбір мәселелері туралы" заңдық күші бар Жарлығына сәйкес еліміздегі тарихы тұнған ең халқы көп өңірдің орталығына айналды. Бұған ел қуанды, көпшілік сүйсінді, «Түркістан дамитын болды», «өте жақсы шешім», «әбден лайық» десті халық. Қазақстан жұртшылығы ғана емес, жалпы түркі тілдес ағайынның барлығы да «құтты болсын» айтысты.

Ұлы Жібек жолының бойындағы көне шаһар тарихи жағынан ғана емес, географиялық орналасуы жағынан да стратегиялық аймақтағы қала. Тіпті, қаланың мың жарым жылдан бергі тарихын қарасақ, оның діни, рухани маңызымен бірге транзиттік мәні де ерекше болғанына жақсылап көз жеткізер едік. Оңтүстігінде Мауренахр, солтүстігінде Арқа өңірі, Шығысқа Қытай мен Үндістанға, Батысқа Ресейге, Европаға тартылған Ұлы Жібек жолы Түркістанды шын мәніндегі маңызды орталыққа айналдырғаны тарихтан мәлім. Маңайындағы өзге шаһарларға қарағанда Түркістанның күні бүгінге дейін сақталып қалуында да осындай себеп болса керек.

Түркістанның облыс орталығы мәртебесіне ие болғанына міне бір жыл толды. Осы уақыт ішінде көптеген игілікті шаралар атқарылды. Алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 29 қыркүйегінде қаланы дамыту жоспарының тұжырымдамасын бекітіп, «TURKISTAN арнайы экономикалық аймағын құру туралы» жарлықтарға жария түрде қол қойды. Сол уақыттан бері қала үлкен құрылыс алаңына айналып, тынымсыз еңбектің көрігі қызды. Әуелден де еңбекқор, мақсатшыл Түркістан жұрты енді шаһардың бүгіні мен болашағы үшін білек сыбанып қала үшін де, еліміз үшін де аса маңызды шаруаға кірісті. Соның нәтижесінде, бүгінде халықтың қажетін өтейтін, көптің қамына бағытталған жұмыстар атқарылуда. Жалпы Түркістан облысында осы уақыт ішінде көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету мөлшері орташа есеппен 40 пайызға артқан екен. Биылғы жылы Түркістан облысы бойынша барлығы 1724 пәтер тапсырылып, мыңдаған адам қоныс тойларын тойлапты. Көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек беру бағыты басымдыққа ие болған кезеңде көпбалалы отбасылар жағынан елімізде алдыңғы қатардағы облыс мұндай көмекке кенелетіні түсінікті.

Қаланың бекітілген бас жоспарына сәйкес жаңа қалашық үшін бөлінген 700 гектарға жуық жердің 300 гектары көпқабатты тұрғын үйлерге бөлініп, онда 65 мыңға жуық адам тұрады деп ойластырылған. Бұл қарап отырсаңыз тұтас бір жаңа қала. Қала болғанда да сәулеті мен дәулеті жарасқан бүгінгі заманға лайық шаһар. Осы арада астананың Арқаға көшіп, қазіргідей көрікті қалаға айналғанын ойласақ, онда Түркістанның да көне келбеті мен жаңа шырайы жарасатын күн алыс емес сияқты. Біздің ойымызша, қаланың сәулетінде шаһардың тарихына орай, мұсылмандық, шығыстық және ұлттық бояулар басым болып, елімізде көненің көркін бүгінмен сабақтастыратын жаңа бір сәулеттік, дизайнерлік шешімдер жүзеге асырылатын болар.

Қаланың бас жоспарына көз салсаңыз, «Көне Түркістан» тарихи бөлігін жаңғырту жобасы жүзеге асырылмақ. Яғни Ахмет Яссауи кесенесінің төңірегі, шаһардың өзге бөлігіндегі тарихи орындар қазіргіден де тартымды болмақ. Бұл облыстың ғана емес, жалпы Қазақстанның туризмін дамытуға да серпін бермек. Осы бас жоспардағы сызбаларға қарап отырсақ, әкімшілік-іскерлік орталықтың келешегін көрер едік. Мұндағы желекжолдар, саябақтар күні ертең қала тұрғындары мен қонақтардың серуендейтін басты аймағына айналмақ. Бұл қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы Ақорда мен Хан Шатыр арасындағы желекжолды елестетіп, саяси астанамыз бен рухани астанамыз арасындағы сабақтастықты байқатады.

Сөзіміздің басында Түркістан шаһарының Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызын айтқан болатынбыз. Осы реттен келгенде теміржол бекетінің күрделі жөндеуден өткізілмегі, жаңадан әуежай мен сапаржайдың салынбағы Түркістанның транзиттік қуатын күшейтеді. Әсіресе, Түркістанды тәу ететін түбі бір түркі ағайындардың, жалпы шетелдік туристердің көне де жасампаз шаһарға келуіне өте қолайлы жағдай жасамақ.

Сонымен қатар, сәулетті ғимараттар мен әсем үйлер бой көтеруде. Құрылыстың қарқынды жүріп жатқанын былтыр қараша айында «Латын негізді жаңа қазақ әліпбиі» атты көшпелі семинармен барғанымда-ақ байқаған болатынмын. Түркістан шаһары халқының облыс орталығы болғанына риза екендігін білдіріп, ыстық лебіздерін маған да риясыз айтып жатыр. Шаһар халқы ғана емес, бұндай жаңалыққа күллі қазақтың қуанғаны анық. Ақ түйенің қарны жарылып, ақсарбас шалған бұндай жаңалыққа күллі қазақ неге қуанбасын? Ұлттың рухын өсіретін, Алаштың туын тік ұстайтын, ұлылығымызды ұлықтайтын киелі мекеннің өсіп, өркендеп, әлемге танылар алып шаһар боларына мен кәміл сенемін! Оның дамуына, өсуіне, өркендеуіне Елбасымыздан бастап әрбіл еліміздің азаматы толассыз қызмет етері сөзсіз. Түркістан ежілгі қала деп осы күнге дейін атап жүрген болсақ, тарихы мен заманауи ғимараттары тоғысқан қаланы әлемнің түкпір-түкпірінен туристер толастамай келері анық.

Тарихы терең, жері киелі, халқы еңбекқор Түркістан облысының орталығы ғана емес, жалпы өңірдің де әлеуеті күшеймек. Оған барлық рухани, мәдени, әлеуметтік алғышарттар баршылық. Түркістанның болашағына осы аймақтың ғана емес, барлық қазақтың тілегі оң, сенімі мол десек, Түркістан шаһарын және облысын дамытуға ел болып жәрдем бермек, өйткені бұл тұтас Алаштың абыройы.

Амандық Көмекұлы, Жыршы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, ҚР Ұлттық өнер университетінің профессоры:

«Түркістанның облыс атанып, орталығы Түркістан қаласы болуы тарихқа құрмет, бүтін бір ұлтымызға деген мәртебе»

Өнер – үздіксіз дамуды, шексіз қиял мен жаңашыл ойларды талап етеді. Ақын кез-келген дүниені жырға қосарда шабыттанар дүние іздесе, күйші-жыраулар толғаныс тудырар мәселені қарайлайды. Зергердің өзі жаңа білезік жасарда оның өзгеден ерек болуы үшін шығармашылық еркіндікті қажет етеді. Ендеше, өнер ғана емес, ғылым дамуында Ұлы ғұламалар менен ойшылдардың, данышпандар менен шешен-көсемдердің туып өскен құтты мекені Түркістан қазақ өнері үшін аса маңызды өңір болып табылады. Кешегі Дайрабай, Сатыбалды, Әлшекей, Сүгір, Жаппас, Төлеген сынды күйшілер думандатып өткен, қаншама жыраулар жырлап өткен қасиетті жер бүгінде өз болмасын жоғалтпады. Сондықтан да өнердің толассыз қайта түлеп, қуаттанар аймағы атағы Түркістанға әбден лайықты деп білемін.

Түркістанның облыс атанып, орталығы Түркістан қаласы болуы тарихқа құрмет, бүтін бір ұлтымызға деген мәртебе. Рухани астана қойнауы мол мұраға қанық, әр қиыршық тасы жырланбаған жыр-дастан. Түркі жұртының ордасы – қазақ халқының маңдайына біткен берекесі іспетті. Оның өзіндік бейнесі менен рухы ұлтымызға өзгеше рең сыйлайды. Бүгінде жаңаша болмыста қайта түлеп, жаңғырып жатқан Түркістан жаңа мәдени феномен боларына сенімдімін. "Мәдинеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда пір Бекет" дегендей, Үкімет пен билікте облыстың өз болмысын жоғалтпауы үшін құрылыс нысандарында Шығыс сәулет өнерін негізге алып, басты ғимарат ретінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесін белгілеуі – қазақ жұртына көрсеткен сый-құрметі деп ойлаймын. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «саналы азаматтарымыз» осындай құнды жәдігерлеріміз бен тарихи қалаларымызды көріп, оның өткенін өз бойларына сіңіріп өсерлеріне кәміл сенемін. Түркі жұртының тал бесігі – қазақ халқының құтты ордасына айнала бергей.

Есен Елеукен, «Тамаша TV» телеарнасының директоры:

«Бір ғана Фараб қаласының өзі түркі жұртына Әбу Насыр Әл-Фараби бастаған 30-дан астам ғұлама ғалым сыйлады.»

Түркістан – Түркі дүниесінің рухани астанасы, халқымыздың ғасырлық байлығы. Бұл өңірдің жұрты да өзгеден ерек келеді. Содан болар сауда да, өнерде де, жалпы көптеген салаларда басқалардан оқ бойы озып тұрады. Ұлы Жібек жолымен сабақтасқан көне сауда қалалар, ондаған қорымдар мен кесенелер қазақ тарихының батпалдай бөлігін алып жатыр. Бір ғана Фараб қаласының өзі түркі жұртына Әбу Насыр Әл-Фараби бастаған 30-дан астам ғұлама ғалым сыйлады. Отырардың даңқы, оның алты ай бойы берілмей, аңызға айналып, дастан-жыры жер бетін шарлауының өзі бір тарих емес пе? Сауда керуендері тоғысып төгілетін Жібек жолы бойындағы көне қалалардың арасында шоқтығы биік саналатын Созақ, Сайрам, Сарайшықтардың осы бір өңірді жайлауы сол кезеңдегі халықтың бүтін бір дәуірдің көшінде болғандығын, тың дүниелердің бастамашылары атанғандықтарын тағы бір дәлелдейді. Бір ғана Шығыс моншасының өзі сонық айқын дәлелі.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев өткен жылы Түркістан облысын қайта құрып, облыс орталығын киелі қалаға ауыстыру туралы тарихи шешім қабылдағаны баршамызға аян. Бұл батыл бастама расында қоғам санасын бір сілкіндіріп, қайта рухантандырды десек, артық айтқандық болмас. Себебі Түркістан – исі қазаққа ғана емес, барша түркі жұрты үшін аса маңызды мекен. Мағжанша айтсақ: «Түркістан – ер түріктің бесігі». Облыстың қарқынды дамып, жаңаша болмысқа ие болуы оның болашақта қайта түлеп, еліміздің ғана емес, әлем елдері арасында шоқтығы биік болатындығына еш күмән келтірмейді. Үкіметтің қатаң қадағалауындағы облыс орталығы осы күннің өзінде отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырып, алды Түркістан қаласында бірнеше ірі жобаларды бастап та кетті. Өңірде жастарға деген қолдауда ерекше. Үстіміздегі жылы өңірде су жаңа Жастар орталығы бой көтеріп, көптің көңілінен шығуда. Облыс орталығында Халықаралық Жайдарман ойындары өткізіліп, көршілес елдерден бірнеше командалар өз бақтарын сынады. Осы жылы да облыс әкімінің жүлдесіне арналған Жайдарман ойындар өткен болатын. Мұндай бастамалар шаһардың жастар қаласы ғана емес, мәдениет ордасы болуына сүбелі үлес қосары айдан анық. Бауырлас қырғыз, өзбек ағайындар менен қатар түркі тілдес өзге де елдердің басын ұйытып, бір жерге тоғыстырар рухани ортаның қайта бой көтеруі еліміздің мерейін үстем етіп, берекесін еселеріне сенімім мол.

 

Дайындаған: Бекарыстан Аманжолов

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x