"Олар Жидебайға барды". Арыстық 220 бала демалысын Шығыста өткізуде

Dalanews 19 шіл. 2019 13:52 231

Шығысқазақстандықтар Арыс қаласына материалдық көмек көрсетумен қатар, балаларды облыстағы сауықтыру лагерьлеріне шақырып, тегін жолдама берді.

10 шілдеден бастап өңірімізде Арыстан келген 220 бала тынығуда. Ал 28 шілде мен 25 тамыз аралығында тағы да 80 бала келіп, Шығыс Қазақстанның әсем табиғатымен және киелі орындарымен таныспақ. Оларды мұнда қызықты экскурсия, концерттік және цирктік бағдарламалар күтіп тұр.

Қазіргі таңда балалар Катонқарағай ауданы, Приморск ауылында орналасқан «Арайлы Шығыс», Семейдегі «Қарағайлы», Таулы Үлбідегі «Дарын», Глубокое ауданындағы Малоубинка ауылында орналасқан "Толағай», Үржар ауданы, Қабанбай ауылындағы «Уржарайым», Ұлан ауданы, төменгі Тайынты ауылындағы "Болашақ» лагерьлерінде демалуда.



Әрбір лагерьде балалардың қатысуымен түрлі спорттық жарыстар мен байқаулар, саxналық қойылымдар ұйымдастырылуда.

Мәселен, Абайдың 175 жылдығына орай өлеңді мәнерлеп оқу сайысы өтті. Оған Арыс қаласынан келген балалар белсене қатысты.


Бұдан бөлек балалар мұражайларға барып, қалалық және аудан орталықтарындағы мәдение демалыс орындарында демалатын болады.

Мәселен, «Жидебай Бөрілі» мемориалдық мұражай-қорығындағы Абай мен Шәкәрім, ашық аспан астында орналасқан «Берел қорғандары» сынды киелі орындарға барып, ерекше әсер алып қайтты. - «Лагерьге келген 10 күннің ішінде біз екі күнімізді саяxаттауға арнадық. Өте қызықты әсер алдық. Жидебайға барып, қазақ данасы Абай Құнанбайұлының тарихи мекенімен етене танысып, тарихи сауатымызды аштық, - деді Арыс қаласынан келген Ахмет Жайсан.

Бүгін Арыс қаласынан келіп, «Дарын» лагерінде демалып жатқан балалармен облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова кездесіп, жылы лебізін білдірді. Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары балаларға естелік сыйлықтарды табыс етті.

  • Біздің өңірде Арыс қаласынан келген балаларды көргеніме қуаныштымын. Балалар еліміздің Шығысындағы көрікті жерлер - Катонқарағай, Таулы Үлбі, Тайынты, Қарағайлы сынды орындарда демалуда. Балалар жақсы демалыспен қатар облыс тарихын танып, біраз қызықты ақпаратпен қанықты. Өз туғн жерлеріне әсерлі көңіл-күймен қайтады деген сенімдеміз, - деді Әсем Бекқызы. Әсем Нүсіпова облыс әкімі Даниал Ахметовтың атынан балаларға кітаптар мен 300 балаға спорттық киімдер, аяқ-киімдер табыс етті.


Айта кетсек, Арыстан келген балаларға шығысқазақстандық дәрігерлер тиісті медициналық көмек түрлерін көрсетуде, яғни толық кешенді тексеруден өткізіп, балалармен жоғары білікті псиxологтар мен тәлімгерлер жұмыс істеуде.



Биыл Шығыс Қазақстанда 990 сауықтыру және мектеп алды лагерьлері балаларға қызмет көрсетуде. Жазғы сауықтыру лагерьлерінде 174000-ден астам оқушы демалады. Бұл облыстағы балалардың 99,7 пайызын құрайды. Оның ішінде 33 582 (100%) көпбалалы және аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар екенін атап өткен орынды.

 

Әсем ЖЫЛҚЫШИЕВА,


Шығыс Қазақстан облысы


 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x