Мамин: "Арысты қалпына келтіру 1 тамызға дейін аяқталуы тиіс"

Dalanews 12 шіл. 2019 05:54 178

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Арыс қаласында болып, зардап шеккен үйлерді, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты деп хабарлайды Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап, Dalanews.kz.

ҚР Үкіметінің басшысы өңірлік штабтар жұмысын тексеріп, "Көктем-1", "Көктем-2" ықшам аудандарындағы тұрғын үйлердің, мектеп, балабақша, темір жол вокзалы ғимараттарының, қалалық аурухананың қалпына келтірілу қарқынын көрді.

Сонымен қатар Мамин Халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Үкімет басшыға Арыс қаласының тұрғындарына 100 мың теңгеден өтемақы төлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.


Нысандарды аралап көрген соң ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Арыс қаласын қалпына келтіру мәселелері жөнінде кеңес өтті.


Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қала тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету тұрғысында 650 аз қамтылған және көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төлем жүргізілгенін хабарлады.

Қорғаныс, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, индустрия және инфрақұрылымдық даму, ішкі істер, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің басшылары әлеуметтік қолдау шаралары, медициналық қызметтер көрсету, тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x