Даниал Ахметов: "Көпбалалы отбасыларға арналған 231 үй сатып алдық"

Dalanews 24 мау. 2019 11:04 131

Шығыс Қазақстанның көпбалалы жанұяларын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 3 кезеңдік бағдарлама жасалды.

Бұл туралы өңір басшысы Даниал Ахметов хабарлады. 

Бірінші кезекте, бюджеттен тыс қаражатқа бір айдың ішінде ауылдық округтерде үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларына арнап облыстағы 88 ауылдан 190 үй, сондай-ақ, 4 аудан орталығынан 41 үй аламыз.

Таңдап алынған 231 үйдің 70-і жөндеуді қажет етеді. Бұл жұмыстар қысқа мерзім ішінде сондай-ақ бюджеттен тыс қаражатқа атқарылатын болады.

"Арнайы құрылған облыстық комиссия жиналысын өткіздік. Аталмыш жұмыс тобының құрамына көпбалалы аналар, қоғам өкілдері мен журналистер кірді.

Біздің мақсат – бұл жұмыстың формалды емес, нақты нәтижесін қамтамасыз ету. Сондықтан құрамына көпбалаы аналар мен қоғам өкілдері кірген аудандық деңгейдегі комиссия мүшелерінің атқаратын рөлі аса маңызды екенін айтқым келеді.



Олар жөндеу жұмыстарынан бастап, сол үйлерге қоныс тебуіне дейінгі жұмыс барысын толық қадағалауға алулары керек.

Біз, комиссия көпбалалы аналарға тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілмеген үйді мәжбүрлі түрде беру жағдайларын болдырмауымыз керек.


Қаражат бөлінді, барлық аудандар бұл жобаны жүзеге асыруға кірісіп кеткенін тағы бір мәрте қайталап айтамын.

Қалған аудан орталықтары мен қалалар, яғни, екінші және үшінші кезеңдер бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жұмыс істейміз.

Тұрғын үй жинақ банкі арқылы жылдық үстемақысы 2% көпбалалы және аз қамтылған отбасылары 20 жылға ипотека алу мүмкіндігіне ие болады. Тек төлемқабілеттілігін растаулары қажет.

Бұл ретте айта кету керек, алғашқы жарна барлығында жоқ, сондықтан сертификат беру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бұл кезеңдер толық зерделегеннен кейін облыс бойынша бастау алады.

Келесі аптада облыстық комиссияның екінші отырысы өтеді. Күн тәртібінде аудандарда атқырылып жатқан жұмыстың барысын талқылаймыз", – деді бұл орайда өңір басшысы.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x