Павлодар облысында асарлатып салынған асхана ашылды

Dalanews 20 мау. 2019 03:01 301

Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Қожамжар ауылдық округінің Жамбыл ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 250 орынға арналға асхана ашылды.

- Нысанның құрылысы екі жыл жүргізілген болатын, - дейді Қожамжар ауылдық округінің әкімі Серік Тезекбаев.

- Бұл әсем ғимарат елді мекеннің сәнін келтіріп қана қоймай, ауыл тұрғындарының жарқын келешекке деген сенімін нығайтты.

Қазақы ортада ауқымды да күрделі жұмыстарды бірлесе атқару харекетін «Асар» дәстүрі деп атайды. Аға буынның осы бастамасы өскелең жас ұрпақты еңбекке баулып, сыйластыққа, қамқорлық танытуға, туған жерді, елді құрметтеуге, өз елінің шын патриоты болып өсуге септігін тигізеді деп білемін.

Мұндай әрекетті адам санасының рухани жаңғыруы деп атасақ болады.

Абызбай Адамов, Қожамұрат Омаров және Баитовтар отбасы бастаған жерлес кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының қаржылай демеушілігімен салынған құрылыс жұмыстарына 9,5 млн теңге қаражат жұмсалған.

Бұл азаматтардың барлығы Астана, Павлодар және басқа да аймақтарда тұрғанымен, туған жерге тағзым ретінде ауыл тұрғындарына осындай сый жасауды жөн көрген.

Ақтоғай ауданының орталығында барлығы үш асхана жұмыс істесе, бұл аудан бойынша ауылдардың арасында ашылып отырған алғашқы асхана.

Жамбыл ауылында барлығы 200-ден астам адам тұрады. Салтанатты ашылу шарасына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ермек Машырықов ауыл асханасына музыкалық аппаратура сыйға тартты. Көптен күткен нысанның ашылуына 400-ден аса ауыл тұрғыны жиналып, соңы ұлан асыр тойға ұласты.

Дереккөз: pavlodarnews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x