Пацан бала Шымкенттің «Құрметті азаматы» болды

Dalanews 19 мау. 2019 09:34 212

Әнші Қайрат Нұртас Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» атағына ие болды. Енді ол Шымкенттің қоғамдық көліктерінде тегін жүре алады.

Белгілі әншіге Шымкент қаласының «Құрметті азамыты» деген атақты беру туралы ұсынысты Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Абдрахимов жасапты.

Әкімнің ұсынысын Шымкент қаласының мәслихатының депутаттары «бұл баланың Шымкентке қандай еңбегі сіңген еді?» деп сұрамастан бір ауыздан қолдаған.

Сол сияқты Қайрат Нұртас та «Ағайын-ау, Шымкент қаласына бәлендей еңбегім сіңген жоқ, бұл артықтау...» деп айтпаған.

Иә, Қайрат Нұртастың 1989 жылы қазіргі Түркістан облысында туғанын білеміз. Шымкенттің әкімі әншіге қаланың «Құрметті азаматы» деген атақты қандай еңбегі үшін бергенін ашып айтқан жоқ.

Егер Қайрат атақты өнерге сіңірген еңбегі бойынша алса, марапатты Мәдениет министрлігі беруі керек еді.

Алдағы уақытта Шымкенттің әкімі мереке сайын Шымқалаға келіп ән салған әншілерге атақ пен марапат тартса таңқалмаңыз. Қалай десек те, Ғабидулла мырза Бауыржан Байбектің алдын орап кетті.

Бұл атақты Қайраттан қызғанып отырған жоқпыз. Жалпы, Қайрат Нұртас атақтан кенде емес қой. Өзі өскен қаласы Алматының әкімі Бауыржан Байбек Алматының «Құрметі азаматы» атағын берсе де қылшығымыз қисаймады.

Шырайлы Шымкенттің дамуы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектенген талай азамат бар екенін білеміз. Сондай азаматтар тұрғанда пацан баланың қаланың «Құрметті азаматы» болып жатқанын ақылға сыйдыра алмадық.

Әлде атақ дегеніңіз тойда тарататын жыртысқа айналып кетті ме? Кім білсін? Әлде әкімдердің марапат таратудан басқа жұмысы жоқ па?

Нұрлан ӘУБӘКІР

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x