Талдықорғанда спорттық нысандардың саны артып келеді

Dalanews 30 мам. 2019 04:55 200

Жетісуда бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен «Жетісу» стадионында өткен дәстүрлі «Футбол мерекесінде» Талдықорған қаласындағы аулалық футбол клубтарының жас ойыншыларына 1000 доп таратылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен Алматы облысы әкімдігі мен ардагерлер командаларының арасында футболдан жолдастық кездесу өткізілді. Облыс әкімі Амандық Баталов әкімдік командасының капитаны ретінде ойынға қатысты. Матч 2:2 есебімен тең аяқталды.

Футболшы балаларды мерекемен құттықтаған А.Баталов денешынықтырудың мән-маңызы туралы айта келе, спорттың қай жаста да пайдалы екенін атап өтті. Кешегі мықты спортшылардың біразы осы матчта балаларға үлгі ретінде доп тепкенін де тілге тиек етті.

– Қазір Талдықорғанда спорттық нысандар біршама бар. Оған қоса жүзу бассейнін салып жатырмыз. Соның бәрі сендер сияқты жас балалардың болашағы үшін. Спортты жақсы көріңдер, спортпен айналысыңдар, жаман әдеттерден аулақ болыңдар. Болашақта сендердің араларыңнан футболдың аңызына айналатын мықты спортшылар шығуына тілектеспін! – деді А.Баталов. Құттықтау сөзден кейін аула клубтарының ойыншыларына футбол доптары таратылды. Осы күні жалпы саны 1 мың доп берілді.

Жас аяқдопшылар атынан Зиделхан Ахмади сөйлеп, спортсүйер балаларға жасалып отырған барлық қамқорлықтар үшін рақмет айтты.

Мереке аясында «Жетісу» ФК ойыншыларының қолтаңбасы қойылған доптар да балаларға сыйға тартылды.



Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x