Павлодарда балалар үйінің тәрбиеленушілері қазақ тілін үйренуде

Dalanews 29 мам. 2019 07:51 245

Павлодар облысы Кенжекөл ауылында отбасы үлгісінде құрылған балалар үйі бар.

Күні кеше осынау балалар үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде "Тілдік келісім" атты жобаның тұсауы кесілді.

Шараның шымылдығын түрген облыстық «Ана тілі» орталығының басшысы Шолпан Кінжікованың айтып өткеніндей, аталған жоба облыстық Тілдерді дамыту басқармасының мұрындық болуымен осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.

– Былтырғы жылы осы жобаға Павлодардағы және Кенжекөл ауылындағы балалар үйінен әке-шеше қамқорлығынсыз қалған 90-ға тарта баланы тартқан едік. Биыл жобамызға Тереңкөл ауданының балалар үйінен 39 бала атсалысып отыр. Жобаға қатысып жатқан жеткіншектердің 80 пайызға жуығы өзге ұлт өкілдерінің балалары. Мемлекеттік тілді меңгермеген. Осынау жоба аясында олар қазақ тілінің алғышарттарын оқып-үйренетін болады.

Жобаның ауқымы мұнымен шектеліп отырған жоқ. Бұдан бөлек, қыз балаларға қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеуді үйрететін боламыз. Айналып келгенде, мұның барлығы олардың ертеңгі өмірінде ауадай қажет болады, – дейді бұл орайда Шолпан Кінжікова.


Жақсы дәстүрдің биыл да жалғасын табуына балалардың ынта-ықыласы, тіл үйренуге деген ұшқыр ұмтылысы себепші болыпты.



Балалар үйінің тәрбиеленушілері алдағы 3 ай бойына құнарлы, шұрайлы қазақ тілінің қыр-сырына қанығып, атадан балаға таралған мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, пәтуәлі сөздер, күнделікті пікір алмасуға қажетті сөз тіркестерін меңгеретін болады.

Курс барысында балалардың бойына қазақ тілінің қадір-қасиетін сіңіре түсу мақсатында қасиетті жерлерге, музейлерге, театрларға сапарлар ұйымдастырылады. Балалар үйінің тәрбиеленушілері әлеуметтік маңызы бар шараларға қатысып, тәжірибелік сабақтар мен тренингтен өтеді.

Жетім балаларға қазақ тілін үйрету курсы 7 жасар балақайдан бастап, 17 жасқа дейінгі аралықты қамтып отыр.


– Сөзіме дәлел, өткен аптада Тереңкөл ауданының аты аңызға айналған абыз ақсақалы Сәйділдә қажы Түйтібекұлының басына барып, Құран бағыштап қайттық.

Сонымен бірге балалар үйінің тәрбиеленушілері қазақ халқының ғұлама ойшылы, кемеңгер ғалым, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне барып, көптеген қызықты мағлұматқа қанығып қайтты.



Түптеп келгенде, мұның бәрі өсер ұрпақтың өне бойына қазақ халқының болмыс-бітімін сіңіруге себепкер болады. Бұдан бөлек, балалар қазақтың әдет-ғұрпы, тарихи танымымен жете танысуға мүмкіндік алады, – дейді осы орайда Шолпан Кінжікова.

Аталған жобаның қорытындысында курсқа қатысушыларға «Тілдік келісім» жобасының белгісі бар имиджді сыйлықтар мен оқулықтар табыс етілді.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x