Шуда Саттар Естемесовтың 100 жылдығы аталып өтпек

Dalanews 20 мам. 2019 10:56 252

Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы Шу аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Досымбаев төрағалық еткен кеңес отырысына аудан әкімі Қайрат Досаев, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Өмірәлиев және кеңес мүшелері қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде бір ғана мәселе қаралды. Ол –үстіміздегі жылдың 17 тамызында Кеңес Одағының батыры Саттар Естемесовтың 100 жылдық мерейтойын аудан көлемінде атап өтуді талқылау. Ауқымды түрде өткізілгелі жатқан мерейтой жоспарының жобасы кеңес отырысы барысында талқыға түсті. Жоспар жобасында ең алдымен тазалық жұмысынан бастау қажеттігі белгіленген. Әсіресе, Шу қаласындағы «Жеңіс» саябағы, «Батыс» мөлтек ауданындағы Сәду Шәкіровтың ескерткіші және оның маңы, аудан орталығы Төле би ауылындағы Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы құрбандарына арналған ескерткіштер орналасқан аллеяларға, Саттар Естемесов өмірге келген Көкқайнар ауылдық округіне тазалық жұмыстарын еселеп жүргізіп, ретке келтіру қажеттігі жоспар жобасына белгіленді. Сонымен қатар, мерейтойға орай, Көкқайнар ауылындағы Саттар Естемесов атындағы орта мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, батырға арналған музей жабдықтарын толықтыру керектігі сөз болды. Осы сынды көлемді жұмыстардың мерейтой мерзімінедейін жүзеге асырылуын қадағалау үшін арнайы ұйымдастыру комиссиясы құрылатын болды. Комиссия төрағасы болып аудандық мәслихаттың хатшысы Ержан Көрікбайұлы тағайындалды.

Ал, аудан басшысы Қайрат Әскербекұлы кеңес отырысы соңында мерейтойды өткізудің нақты жоспары бекітіліп, ұйымдастыру жұмысына ертерек қамдану қажеттігін атап өтті. Расымен де, облысымыздың мерейтойымен қатар келген Саттар Естемесовтың 100 жылдығы үлкен көлемде тойланбақ. Атаулы шараға ауданның атқамінерлері барыншы атсалысып, дайындық жұмыстарын осы бастап пысықтауы қажет. Өйткені, Кеңес Одағының батыры, біртуар азамат Саттар Естемесов аудан тұрғынарының үлгі тұтар үлкен тұлғаларының бірі. Рас, бүгінгі күнге дейін батыр бабамызға арналған көптеген шаралар қолға алынды. Шу қаласындағы «Жеңіс» саябағында еңселі ескерткіші орнатылып, Көкқайнар ауылдық округіндегі мектеп пен көшеге Саттар Естемесовтың аты берілді. Бұл да шулық шенділердің ауызбіршілігін білдірсе керек-ті.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x