Үкіметтік жұмыс тобы Жетісуда кездесу өткізді

Dalanews 17 сәу. 2019 12:54 297

Жақында Алматы облысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен келді. Үкіметтік делегация құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеттің төрағасы Мархабат Жайымбетов бар. Үкіметтік топ Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіруді мақсат етіп келген.

Жұмыс сапары алдымен Талдықорған қалалық жұмыспен қамту орталығынан басталды. Бұл жерде атаулы әлеуметтік көмек алу тәртібі егжей-тегжейлі қаралып, бірқатар тапсырмалар берілді. Сондай-ақ облыста 2018 жылы 8294 адам жұмыспен қамтылып, оның 2681-і тұрақты жұмысқа орналастырылғаны, 3248-і қоғамдық жұмысқа тартылғаны сөз болды. Сонымен қатар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау мақсатында өңірде әзірленген Әлеуметтік картаны көрсетті. Оның мән-маңызы туралы облыс әкімі Амандық Баталов кеңінен айтып берді.

Мұнан соң ресми делегация Талдықорған қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығына атбасын бұрды. Бұл жерде Әлеуметтік картаның электронды форматымен облыстық цифрлы технологиялар басқармасының басшысы Гауһар Шоқанова таныстырды. Оның айтуынша, биылғы жылдың 1-тоқсанында көрсетілген мемлекеттік қызметтің 77,6 %-і электронды форматта көрсетілген. Оның 80%-і – әлеуметтік салада. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру жүргізілуде. Биылғы жылы облыста тағы 11 мемлекеттік қызмет көрсету автоматтандырылады, мұның 9-ы – білім, 2-еуі  – спорт саласында.

Жалпы атап өтсек, мұнда көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің саны 600-ден асады. Мұнда күніне орта есеппен 2 мың адам жүгінеді. Мәселен, орталық арқылы 2018 жылы 234 679 құжат берілсе, соның 59%-і электронды форматта көрсетілген.

Осы сапарында Вице-премьер Г.Әбдіқалықова Талдықорғандағы Көрме кешенінде өңір жұртшылығымен кездесті. Кездесуге көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасы мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, еңбек ардагерлері, мүгедектер, мұғалімдер, дәрігерлер, жастар, «Nur Otan» партиясының мүшелері, кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты.

Кездесуді ашқан Гүлшара Наушақызы Елбасының жаңа «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шаралары әрбір тұрғынның әл-ауқатын жақсартуды мақсат еткен жаңа әлеуметтік саясат шеңберінде жүзеге асырылатынын айтты. Басты міндет – халықты жұмыспен қамту, ал халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына мемлекеттік қолдау көрсету. Сол сияқты Г.Әбдіқалықова «Әлеуметтік қамқорлық» шаралары барлық өңірлерде өзінің тиімділігін көрсетіп жатқанына да тоқталды.

Басқосуда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев аз қамтылған отбасыларын қолдау мен халықтың кірісін ұлғайтудың қолға алынған жаңа шаралары туралы кең ауқымды баяндама жасады. Білім саласындағы реформалар жөнінде Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова айтып берді. Елбасының «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларының жүзеге асырылуы жөнінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеттің төрағасы Мархабат Жайымбетов баяндады.

Жұмыс тобының мүшелері залдан қойылған сұрақтарға жауап беріп, нақты түсініктемелер берді. Жетісулықтарды көпбалалы отбасылардың тұрғын үймен қамтылу мәселесі, еріктілер қатарындағы студенттерді материалдық ынталандыру шаралары, колледждерге оқу гранттарын алу, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының үйін табиғи газға қосуда көрсетілетін көмектер туралы мәселелер толғандырды. Сол сияқты кездесуге қатысушылар мүмкіндігі шектеулі жандарға, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына, кәсіпкерлердің бизнестерін дамытуға жасалып отырған мемлекеттік көмектерге алғыстарын білдірді.

Мұнан соң Үкімет басшысының орынбасары бастаған ресми делегация Б.Римова атындағы жаңа драма театрында және № 28 IT мектебінде болды.

Үкімет басшысының орынбасары Талдықорғанда тұратын үш аз қамтылған отбасының үйлеріне барып, жағдайларымен танысты. Мәселен, балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істейтін бес баланың анасы Татьяна Бекбердинова жаңа формат бойынша ай сайын 141 125 теңге алады, ал бұрын 74 мың теңге алған.

Жұмыс сапарының алғашқы күні «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы ғимаратында Г.Әбдіқалықованың жеке азаматтарды қабылдауымен аяқталды. Қабылдауда аз қамтылған отбасының отанасы Сәлима Тұраштың өз үйінен тігін ісін ашу, оған қажетті қаржылық мәселені шешу жөніндегі өтініші қанағаттандырылды. Өңір басшысына 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант беруді шешу тапсырылды. Мал шаруашылығымен айналысқысы келетін Сұлтанбек Күмісбек те микрокредит бөлу өтінішін жеткізді. Бұл мәселе де шешімін тапты.

Еңбек және халықты қорғау министрі Бердібек Сапарбаев та азаматтар үшін қабылдау өткізді.

Осы кезде жұмыс тобының өзге өкілдері облыс өңірлерін аралады. Мәселен, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов Ескелді ауданында, Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова Талдықорған қаласы мен Көксу ауданындағы білім нысандарында, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеттің төрағасы М.Жайымбетов Текелі қаласындағы ТҮКШ нысандарында болды. Олар денсаулық сақтау, білім беру нысандарында, әлеуметтік мекемелер мен құрылыс алаңдарында елді мекен тұрғындарымен, мұғалімдермен, дәрігерлермен әңгімелесті. Азаматтарды қабылдап, тұрғындарды қызықтыратын сауалдарға жауап берді.

Сапардың екінші күні Талдықорғандағы электр техникалық құралдар шығаратын «Инфраэнерго» ЖШС-дан басталды. Өткен жылы «Инфраэнерго» ЖШС жалпы сомасы 2 млрд теңгенің, ал осы жылдың 1-тоқсанында сомасы 436,4 млн теңгенің өнімін шығарған. Бұл туралы ресми делегация кәсіпорынды аралауы барысында айтылды. Қонақтар төмен вольтты қондырғылар цехында, механикалық цехында болып жұмыс барысымен танысты.

Осы кәсіпорында Үкімет басшысының орынбасары Г.Әбдіқалықова аудан, қала әкімдерімен, ірі кәсіпорындар басшыларымен, бизнес-қауымдастық өкілдерімен, кәсіподақ ұйымдары жетекшілерімен әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік жауапкершілік жөнінде кездесу өткізді.

Жиынды ашқан облыс әкімі Амандық Баталов «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде Елбасының берген әлеуметтік қолдау шаралары туралы тапсырмаларына орай үкіметтік делегация ел ішіне шығып, қандай шаралар атқарылып жатқанын халыққа жеткізуді мақсат етіп келгендерін айтты. Сонымен қатар осы бағытта өңірде атқарылып жатқан істерге де қысқаша тоқталды:

– Облыста 1300 кәсіпорын болса, соның 100-і орта және ірі нысандар санатында. Онда 79,8 мың адам жұмыс істейді. Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірде төмен жалақы алатын 100 мың адамның жалақысы өсірілді. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр. 2018 жылы «Еңбек шартын жасаңыздар» республикалық акциясы аясында 904 жұмыс беруші өз қызметкерлерімен еңбек қатынастарын заңдастырып, олармен 2171 еңбек шартын жасасты. Өңірде өткен жылы 25 520 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, іс жүзінде 31 295 жұмыс орны құрылды. Биылғы жылы тағы 25 660 жұмыс орнын ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Біздің кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып, қайырымдылық көмек көрсетуге, әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене қатысып келеді. Және бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады деп ойлаймын, – деді А.Баталов.

Өз кезегінде Г.Әбдіқалықова экономиканың нақты секторын, бизнес-қоғамдастықты мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруда белсенді атсалысуға шақырды.

– Бүгінгі күні, әсіресе, ірі кәсіпорындарда жалақы қарызына, жұмыстан қысқартуға жол беруге болмайды. Қысқартқан күнде де жергілікті әкімдіктер жұмыспен қамту орталықтарымен бірігіп жұмысқа орналастыруды қарастыруы керек. Еңбек қауіпсіздігі мәселесі де басты назарда болсын. Облыс басшысы Амандық Баталов айтып өткендей, Алматы облысында бұл бағыттағы жұмыс оңды жүріп жатыр. Халықтың көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған санатын әлеуметтік қолдау шараларына үш жылда республикалық бюджеттен 2,3 трлн теңге бөлінеді. Бұл – өте үлкен сома. Соның ішінде төмен жалақы алатын азаматтардың жалақысын өсіру, түрлі әлеуметтік көмектер қарастырылуда. Мемлекеттің осындай қолдауымен қатар, іргелі кәсіпорындар да өз ұжымдарында жұмыс істейтін көпбалалы аналарға қолдау көрсетіп, әлеуметтік жәрдем жасау жағын қарастыруы тиіс. Оның жақсы үлгілері Алматы облысында бар, – деді Г.Әбдіқалықова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев та әлеуметтік қолдау шараларына қатысты бірқатар мәселелерге тоқталып, мәліметтер келтірді.

– Бүгінгі күні жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек шарттарының электронды нұсқасы енгізіліп жатыр. Бұл жұмыс барысында қызметкерлердің барлық құқықтарының сақталуына ықпал ететін шара болмақ. Бұл бағытта Алматы облысында еңбек шарттарын жасасу көрсеткіші жоғары, өңірде оның жалпы саны 11 317-ге жеткізілді. Мониторинг барысында белгілі болғандай, Алматы облысындағы 43 ірі кәсіпорында жұмыс істейтіндердің 700-ден астамы көпбалалы, ал соның 524-і – баспанасыз. Сондықтан бизнес қауымдастықтың әлеуметтік жауапкершілігі туралы бүгін сөз қозғап отырмыз, – дей келе Жақсылық Үшкемпіров, Бауыржан Оспанов секілді ірі меценаттардың жасаған көпке үлгі істерін тілге тиек етті.

Бұл орайда атап өтсек, Жамбыл ауданындағы «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіпов ауылдастарын жұмыспен қамтып қана қоймай, әлеуметтік салаға да үнемі қолдау білдіріп отырады. Өз жеке қаражаты есебінен 50 орындық балабақша, заманауи футбол алаңын, сауда үйін салды. 2008 жылдан бастап өз шаруашылығында жұмыс істейтіндер қатарындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына 105 үй салып берген. Жиын барысында Т.Шайнүсіповтің де есімі аталып, ісі үлгі етілді.

Жарыссөзге «АСПМК-519» кәсіпорнының директоры Виктор Сычев, «Бірлік» агрофирмасының басшысы Әбдіжаппар Қыстаубаев, «Алматы бояулары» зауытының директоры, Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының төрайымы Римма Салықова, «Жақсылық» шаруа қожалығының басшысы, Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров шығып, өз ұжымдарында қызметкерлерге жасалып отырған қамқорлық шаралары туралы айтып берді. Мәселен, басқа демеушіліктерін айтпағанның өзінде «Бірлік» агрофимасы Балқаш ауданында 7 көпбалалы отбасына үй салып берсе, Жақсылық Үшкемпіров ауылдық елді мекендерді газдандыру ісіне зор үлес қосып отыр.

Одан әрі Г.Әбдіқалықова Көпсалалы облыстық балалар ауруханасының Неонаталдық орталығына барды. Орталықтағы заманауи құрал-жабдықтар балалар мен жаңа туған сәбилерге жоғары мамандандырылған хирургиялық, травматологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Нәресте өлімін азайту мақсатында патологияны ерте сатыда анықтау мен алдын алуға бағытталған Орталықта іске қосылғалы бері 189 операция жасалған, соның 18-і жаңа туған сәбилерге жасалды.

Жұмыс сапарының соңында Премьер-Министрдің орынбасары «Қаратал» шағын ауданындағы студенттерге арналған жатақхана құрылысының барысымен танысты. Құрылысы аяқталмаған қонақүй ғимаратын қайта жаңғыртудың арқасында қалада 288 орындық заманауи студенттік жатақхана бой көтереді, маңындағы аумақ абаттандырылатын болады. Жобаның жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайды.

Сапар барысында Гүлшара Әбдіқалықова журналистерге сұхбат беріп, Алматы облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы байқалатынын айтты. Әсіресе, Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының өңірде орындалу барысындағы жақсы көрсеткіштерін, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын қолдауға арналған Әлеуметтік карта жасалғанын атап өтті.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x