Түркістандық жастар «Жастар жылын» зор қуанышпен қарсы алды

Dalanews 24 қаң. 2019 05:04 217

Күні кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылын жария етті.  Айтулы оқиғаны Түркістан облысының жастары тікелей эфирден тамашалады. Өңір өрендері айтулы жыл ауқымында қолға алынатын жаңа жобаларды жалындата атқаруға дайын отыр. Бүгінде Түркістан облысында жастардың саны 501 мыңнан асады. Оның ішінде қала жастары – 86 416 (17,3%), ауыл жастары – 414 953 (82,7%).

Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауына орай, Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Береке Дүйсебеков арнайы баспасөз конференциясын өткізді. Спикерлердің қатарында жас ақын Мұқағали Кенжетайұлы мен Ясауи атындағы ХҚТУ-ң студенті Үміт Рахымжанқызы да болды.

Жастар жылына қатысты түркістандық жастардың биылғы жаңалығы қандай болмақ деген тақырып аясында сөз бастаған орталық басшысы таяу күндері облыс орталығы – Түркістан шаһарында елімізде алғаш рет, басқа өңірлерде кездеспейтін көп функционалды үлкен жастар орталығы ашылатынын жеткізді.

– Бұл орталық нені қамтиды? Бүгінгі Елбасымыз айтқан тапсырмаларды, оның ішінде, жастарды білімге, ғылымға, инновациялық жобаларға бағыттау, яғни оларды оқытып, үйрету сынды қызметтерді өз міндетіне алатын болады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жиында жастардың мамандық таңдау мәселелерін де айтып өтті. Ол бойынша аталған орталықта жастардың барлығына заманауи үлгіде жабдықталған, тегін вай-фай, ғаламтор сынды қажеттіліктермен қамтамасыз етілген «Сo-working» орталығы, яғни арнайы жұмыс алаңы қызмет ететін болады. Бұл дегеніміз, кез келген жас азамат осы Түркістан қаласында өз ісін ашып, кәсіпкер болса, ол бір жерден кеңсені ашу үшін қаншама ақшаға кеңсе жалдап, шығындалады. Ал біздің оған мемлекет тарапынан көмегіміз тегін жұмыс орнын береміз. Яғни, кәсібінің аяққа тұрып, дамып кетуіне атсалысатын боламыз. Айта кету керек, ол үшін бізде барлық жағдай бар. Биыл облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-на 3 қабатты 1500,0 шаршы метрлік ғимарат беріліп, жастар үшін барлық жағдай жасалды. Орталық жанында  IT park, «Сo-working» орталығы, «Жастарды кәсіпкерлікке бейімдеу» бөлімі және «Саяхатшылар ассоциациясы»  еріктілер тобының бөлімі жұмыс жасайды, – деді Б.Дүйсебеков.

БАҚ өкілдерімен кездесуде орталық жетекшісі Түркістан қаласындағы жастардың шет тілін жетік меңгеруі үшін аталған көп функционалды орталықта шет тілдер мектебі тегін жұмыс істей бастайтынын хабарлады. Онда бірінші кезекте, ағылшын, орыс, түрік, қытай тілдері үйретіліп, бұл өз кезегінде шаһардың туристік әлеуетін одан әрі арттыруға септігін тигізетінін жеткізді.

Ел Президентінің бүгінгі жастармен басқосуында оларды білімге, ғылымға, инновациялық жобаларды ойлап табуға бағыттау арқылы коммерцияландыруға бейімдеу қажеттігін баяндаған Б.Дүйсебеков бұл ретте де түркістандық әкімдік мамандарының тиісті жұмыстарды атқарып жатқанын, дарынды жастарды ауылды жерлерден іздестіріп, оларға жағдай жасау мәселесі ойластырылып жатқанын жеткізді.

Мұнан бөлек, баспасөз отырысында жас ақын Мұқағали Кенжетайұлы мен Ясауи атындағы ХҚТУ-ң студенті Үміт Рахымжанқызы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының бүгінгі жастармен басқосуы еліміздің келешегі – жастарымызға рух беріп, олардың Отанымызды көркейтіп, дамытуына одан әрі күш беретініне сенімі мол екендерін айтты.

Түркістан облысында «Серпін-2050» бағдарламасы аясында – 9 313 жас қамтылды. Бұл республика бойынша білім алып жатқан жастардың 50 пайыздан астамын құрайды. Ал 2018 жылы «Серпін – 2050» бағдарламасы аясында 440 жас оқуын бітірді. Оның ішінде 63,3 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты.

«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жыл сайын   1275 жас жұмыспен қамтылуда. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 913 жас маман жұмысқа орналасып, 314 маман баспаналы болды.

Елбасы Жарлығына сәйкес жастарға әлеуметтік қолдау масқатында биылғы жылы аудан, қалалардағы 500-ден астам жұмыссыз азаматтарды Түркістан қаласында салынып жатқан құрылыс жұмыстарына тарту үшін «Түркістан жастар құрылыс жасағы» құрылып, мердігер компанияларымен келіссөздер жүргізілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлік «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық жастар қозғалысы құрылды.

Айта кетейік, Жастар жылына орай 2019 жылдың наурыз айынан бастап жыл соңына дейін «Аудан жастарының Түркістанға тартуы» атты апталығы ұйымдастырылып, 1000-нан астам мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Сонымен қатар, биыл «Түркі жастарының конгресі» және «Орта Азия жастарының форумы» халықаралық іс-шаралары өткізілуі жоспарлануда.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызмет

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x