Түркістан тұрғындары өзбек фильмдерін тамашалады

Dalanews 15 қаң. 2019 05:06 251

Бүгін Түркістан қаласында өзбек киносының күндері іс-шарасы аясында бірнеше фильм көрермен назарына ұсынылды. Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев құттықтау сөз сөйлеп, осындай іс-шаралар арқылы бауырлас елдердің рухани-мәдени байланыстары нығая түсетінін жеткізді.

Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Бас консулдығының Бас консулы Абрар Фатхуллаев пен Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов та Түркістанның түрленіп келе жатқанына қуанышты екендерін жеткізді.

2018 жыл Қазақстанда Өзбекстан жылы деп аталып өткені белгілі. Осы бастамалар аясында бауырлас халықтардың жақындастығын тереңдетуге септігін тигізетін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Соның жалғасы ретінде Түркістанда ұйымдастырылған мәдени басқосуға көрермендер қызығушылығы жоғары болды.

Өзбекстандық режиссерлер көрсетілім барысында Шыңғыс Айтматовтың қиссасы аясында түсірілген «Сарвкомат Дилбарим» көркем фильмін жұртшылық назарына ұсынды. Сондай-ақ, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың балалық шағы, қоршаған ортасы, шығармашылығы жөнінде мұрағат құжаттарын қолданып түсірілген «Слово Абая» деректі фильмі де түркістандықтарға көрсетілді. Бұл туындының режиссері — Шухрат Махмудов. «O’zbekfilm» киностудиясы түсірген «Ойкиз» ертегісі де көрермендердің оң бағасын алды.



Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x