Түркістан облысында жабайы жануарларды көбейтетін фазанарий табысты жұмыс істеуде

Dalanews 25 желт. 2018 06:24 710

Түркістан облысында жабайы жануарлардың өсімін молайту мақсатында өткен жылы фазанарий құрылған болатын. Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде құрылған фазанарийде «Елік», «Қырғауыл» тұқымбақтары, ал Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты мемлеккеттік орман қоры жерінде «Құлан мен қарақұйрық» тұқым бақтары жасақталған. Ондағы 200 гектар аумақта құлан және қарақұйрық, 10 гектар жерде Сібір елігі мен 2 гектар аумақта қырғауыл құсын қолдан өсірілуде.

Осы жылы елік тұқымбағына Алматы облысының Іле өзенінің бойынан 20 бас елікті, яғни, 3 аталық, 12 аналық және 5 төлін аулап, алып келу көзделуде. Елік – бұғылар тұқымдасына жататын жұптұяқты, сүтқоректі жануар. Еліктің Еуропа, Сібір, Маньчжур үш түрі таралған болса,  Қазақстанда Сібір түрі  кездеседі.

Ал қырғауыл тұқымбағында бүгінде 34 бас құс бар. Олардың жұмыртқасы алынып, инкубаторлық жолмен көбейту жұмыстары жүргізілуде.

Қырғауыл – отырықшы құс. Ұясын ну қамыстың, қалың бұтаның арасына жерге салады. Сәуір-мамыр айларында 7-18 жұмыртқа салып, 21-27 күнде балапан басып шығарады. Балапандары жұмыртқадан жетіліп шығады, мамығы кепкен соң жемін өзі аулайды.

Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты мемлеккеттік орман қоры жерінде салынғанқ құлан мен қарақұйрық тұқымбағына 2018 жылы аңның 20 басын (15 аталық, 5 аналық) және қарақұйрықтың 20 басын (3 аталық, 12 аналық және 5 төлі) Алтын емел ұлттық табиғи саябағынан аулап, алып келу жоспарлануда.

Құлан – тақтұяқтылар отрядына жататын жабайы жылқы. Қазір Қазақстанда 3 мыңдай құлан бар. Құланның саны дүниежүзінде жылдан-жылға азаюына байланысты қорғауға алынып, халықаралық табиғат қорғау одағы мен Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x