Биыл жетісайлық шаруалар зиянкестермен күресте биологиялық әдіске баса мән берді

Dalanews 13 желт. 2018 01:59 266

Түркістан облысы үшін шекара маңында орналасқандықтан Жетісайдың стратегиялық маңызы өте жоғары. Даму мүмкіндігі де мол. Әсіресе, ауыл шаруашылығын жүйелеп дамытып, кәсіппен шұғылданамын деушілерге қолдау көрсетудің маңызы зор. Өз кезегінде аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев ауданның дамуы жайында баяндап берді.

– Жетісай ауданындағы халықтың негізгі күнкөрісі – жер. Ауыл шаруашылығы. Соның ішінде мақта шаруашылығы, бақша, көкөніс өнімдері. Бүгінде ауданымызда айына екі рет агротехникалық шаруалар басталғанда халықты, шаруалар мен диқандарды шақырып, басын қосып, семинарлар өткізіп отырмыз. Биыл қауын-қарбыздарымыз мынау көршілес Өзбекстан Республикасына қарағанда бір апта, он күн ерте пісті. Біздің биылғы ең бірінші алған өніміміз – қырыққабат. Қауын-қарбыздың да, қырыққабаттың да өнімділігі жақсы болды. Судан қиындық болған жоқ, – деген аудан әкімі ауыл шаруашылығына қатысты өз ойын ары қарай жалғады.

– Біздегі ең үлкен проблема – зиянкестер. Зиянкестермен күресте биыл біз биологиялық әдіске басымдық бердік. Бұл – біріншіден, экологиялық таза әдіс. Екіншіден, химиялық әдіске қарағанда арзан. Сосын, ауыл әкімдіктеріне төрт-төрттен зерттеуші мамандар жібердік. Шаруаларға жәрдем берсін деп. Ол төртеудің біреуі облыстық зиянкестерге қарсы болжам орталығының маманы. Үш ай бойы олар шаруаларға қай кезде не істеу керектігін айтып отырды. Жылда бізге Ауыл шаруашылығы министрлігі республикалық бюджеттің есебінен 250-300 млн. теңгеге химиялық препараттар беретін. Ол шаруалараға қолдау ретінде тегін таратылады. Биыл ешкім қатыспай, конкурстың өтпей қалуына байланысты ол қаржы, препараттар келген жоқ. Бірақ, биологиялық әдісті қолдану арқылы ол қаржының жоқтығын халыққа білдірген жоқпыз, – Жамантай Қанайұлы ауыл шаруашылығына қатысты мәселемен қалай күрескенін әңгімелеп берді.

 

Dalanews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x