Cоңғы жаңалықтар
Back

Рухани жаңғыру: Отырарда балғын спортшыларға арналған кешен ашылды

“Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында туған елден түлеп ұшып, еліміздің басқа облыс, қалаларында қызмет атқарып жүрген азаматтар кіші Отанға деген ықыластарын білдіріп жатыр.

Туған жерге деген тартулардың бірін Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Есбол Қамбаров Отырар ауданындағы Ақтөбе ауылында заманауи талапқа сай 240 орындық Әуесбек Қамбаров атындағы спорт  кешенін пайдалануға берді.

Аудан әкімдігінің ұсынысын қабыл алған жеке кәсіпкер Есбол Әуесбекұлы бұдан бұрын құрылыс жұмыстарын бастап, болашақ спорт кешенінің қазығын қағу рәсімін өткізген болатын. Міне, араға аз ғана уақыт салып, жеке кәсіпкер демеушілігімен салынып, ауылдың ажарына сән қосқан кешен құрылысы толығымен аяқталып, ақтөбеліктерді зор қуанышқа кенелтті.

Болашақта осы кешенде шыңдалған балғын спортшыларымыз халықаралық деңгейдегі жарыстарда топ жарып, Олимп шыңын бағындыратындығына сенім білдірді ауыл тұрғындары.

Ауыл тұрғындарының алғысына бөленген жаны жомарт азаматқа ел ағалары құрметпен ер қанаты ат мінгізіп, иығына зерлі шапан жапты. Ендігі жерде ауыл тұрғындары спорттың күрес, бокс, кіші футбол, воллейбол, баскетбол, үстел теннисі секілді бірнеше түрімен шұғылданып, бұқаралық спортты дамытуға өз үлестерін қосатын болады.

Спорт кешенінің ашылу рәсімінен соң тыл ардагері Әуесбек Қамбарұлын еске алуға арналған воллейболдан облыстық біріншілікпен жалғасын тапты. Тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өтіп жатқан турнирге облысымыздан 10 команда қатысып, бақтарын сынады.