Мемлекет басшысы Түркістандағы түйе сүтін өңдейтін зауытты іске қосты

Dalanews 11 желт. 2018 10:06 161

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы Түркістан қаласындағы Түйе сүтін өңдейтін «GOLDEN CAMEL GROUP LTD» зауытын салтанатты түрде іске қосты. Кәсіпорынның ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен зауыт директоры Янг Джи қатысты.

– Біздің кәсіпорын түйе және бие сүтін ұнтақ күйінде өндіретін еліміздегі бірегей жоба. Өнімнің 90 пайызы шетелге экспортталатын болады. Жоба Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында мал басын көбейтіп, түйе шаруашылығының дамуына септігін тигізеді. Біздің жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тиімді серіктестіктің дәлелі. Қадірлі Елбасы, инвесторларға көрсеткен қолдауыңыз үшін Сізге алғыс білдіріп, қос зауытымыздың экспорттық өнімдерін жөнелтуге рұқсат беріңіз, – деді Янг Джи.



Аталған жоба Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасындағы ынтымақтастық меморандум негізінде құрылған. Сондай-ақ, 2015-2019 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде іске асыруға жоспарланған  51 жобаның бірі. 10 гектар аумақты алып жатқан серіктестік жылына 2 500 тонна түйе сүтін өңдеуге қауқарлы. Жоба жалпы құны 7,45 млрд. теңгені құрайды. Заводта 85 адам жұмыспен қамтылған.

Айта кетейік, мұнда түйе сүтінен диабетпен ауыратындарға арналған таблетка, косметика, түрлі дәммен жасалған йогурттар, құрғақ таблеткалар өндірілетін болады.



Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x