Түркістан экономикалық дүмпудің орталығына айналады

Dalanews 03 қар. 2018 03:43 242

Қазір Түркістанда халықты орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету 94 пайызды құрайды. Алдағы жылдары ауызсуға деген сұраныстың артуына байланысты жаңа суқоймалар салынуы қажет. Келер жылдың соңына дейін қаланы «көгілдір отынмен» 100 пайыз қамту көзделіп отыр. Жаңа орталыққа инфрақұрылым тартуда «Жасыл экономика» тұжырымдамасы, яғни қоршаған ортаға зияны аз, үнемді әрі тиімді технологиялар енгізіледі.

 

Бұл ретте «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталықтың бастамасымен шақырылған делегация құрамында Инчхон ұлттық университетінің құрметті профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, оңтүстіккореялық ғалымдар Ю Джае Чеон және Кванг-Дон Ким, Экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқармасының төрайымы Айгүл Сағадибекқызы, G-Global «Жасыл экономика» және даму коалициясының төрайымы Салтанат Рахымбекова болды.

Жансейіт Түймебаев Түркістанға инвестиция тарту дұрыс ұйымдастырылса, болашақта Орталық Азиядағы инвестициялық бумның ең белсенді нүктелерінің бірі бола алатынына сенім білдірді. Екіжақты кездесуде Түркістан аймағында эко-қалаларды құру және аймақты энергиямен жабдықтау, сондай-ақ, SuperGrid арқылы энергияны ұзақ қашықтыққа экспорттауға бағытталған «Жасыл энергетика» саласындағы жаһандық жобалар талқыланды. Жобалар аймақ басшысы тарапынан оң баға алды және кездесуден кейін облыс әкімі оларды дамыту және енгізу бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды.

«Жасыл экономика» тұжырымдамасы шеңберінде «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы Түркістан аймағында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеудің жобасын әзірлеп, оны Түркістанда іске асыруды бұған дейін ұсынған болатын. Сапар барысында оңтүстіккореялық ғалымдар Түркістан қаласындағы қатты қалдықтардың морфологиясын зерттеп, ынтымақтастық туралы ұсыныстарға қызығушылық танытты. Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг енді Түркістан қаласында жүзеге асатын «Жасыл технологиялар» негізіндегі жобаларға инвестиция тарту бағытында жұмыс істемек.

 

Нұрлан Әубәкір, журналист. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x