"Рухани жаңғыру аясында". Сарыағаштық кәсіпкер туған ауылына тарту жасады

Dalanews 12 қар. 2018 04:17 271

Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылдық округінде ел игілігіне берілген бөбекжайдың жобалық құны – 1,1 млрд теңге.

Заманауи нысанды жергілікті кәсіпкер Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алып, туған ауылына тарту еткен.

Жалпы, аудан бойынша 16 мемлекеттік, 181 жекеменшік балабақша жұмыс істеп тұр. Бұларда 22 мыңнан астам бала тәрбиеленеді. Жібек жолы ауылында ашылған баламасы жоқ балабақшаға баратын балалар қандай бақытты дерсіз. Өйткені заман талабына сай салынған ғимараттың ішінде балаға қажеттінің бәрі бар. Бүлдіршіндер үш тілде білім алып, жан-жақты дамиды. 


Мұнда 3 концерт, 2 спорт залы, би, гимнастика алаңдары бар. Сондай-ақ логопед, дефектолог, психолог бөлмелері жұмыс істейді. Ойын алаңдары мен жатын бөлмелері де ерекше. Көз тартар кереметтің бәрі бүлдіршіндердің қуанышы үшін жасалған. Балабақша 450 орынға лайықталған. Қазір мұнда 18 топ жасақталған. 75 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылды.

Цифрлық жүйе енгізілген балабақша ғимаратының барлық бөлмелері бейнебақылау камераларымен қамтылған. 152 бақылау құрылғысы тәулік бойы балалардың қауіпсіздігін қадағалайды. Бір жерден басқарылатын хабарлағыш жүйе енгізілген.

"Балабақша жекеменшік болғанымен, ата-аналардың қалтасына салмақ салмайды", –  дейді балабақша басшылығы. Жоба Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырылған. Құны 1,1 млрд теңге болатын балабақшаны жергілікті кәсіпкер өз қаржысына салдырып, ел игілігіне ұсыныпты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x