Ордабасылық диқандар "ақ алтынның" астында қалды

Dalanews 05 қар. 2018 08:38 247

Биыл Ордабасы ауданында мақта алқабы былтырғыға қарағанда ұлғайған. 7 мың гектардан аса алқапқа ақ алтын дәнін сепкен дихандар 17 мың тонна өнім жинапты.

Мақта терім науқанына 83 комбайн жұмылдырылған екен. Дихандар биыл әр гектардан 23 центнер мақта алып отыр.

Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Әбілқасымовтың атап өткеніндей, былтыр мақта бағасы 120-130 теңгені құраса, қазір 180 теңгенің төңірегінде сатылуда. Кейбір мақта қабылдау бекеттері 182 теңгеден де қабылдап жатыр.

Айта кетейік, қазір ауданда 4 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеуде. Дихандар бұйыртса, екінші терімге кіріседі. Былтырғы жылы 18 мың тоннадан астам ақ алтын жинаған ордабасылық дихандар биыл өнім көлемін тағы да арттырамыз деп құлшынып отыр.


Жалпы, Ордабасы ауданы биылғы жылды да ауыл шаруашылық өнімдері бойынша жақсы көрсеткіштермен аяқтады деуге негіз бар. 1995 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) бойынша барлық ауылшаруашылық құрылымының саны 8275-ті құраса, соның 158-і яғни 1,9 пайызы ғана осы Ордабасы аумағына тиесілі болыпты. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш облыста 72 417-ге жетсе, бүгінде мұндағы ордабасылықтардың үлесі 6 мыңға жақындап қалыпты

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x