Жетісайда шаруасын дөңгелетіп отырған шағын кәсіпкерлер көбейіп келеді

Dalanews 08 қар. 2018 10:04 215

Олар мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласы бойынша атаулы көмек алып, өз істерін ілгерілетіп отыр.

Солардың бірі – Сурая Размухаммадқызы үйінен шағын тігін цехын ашып, тірлігін дөңгелетіп отыр. Ол биыл мемлекеттен 340 мың теңге көлемінде қаржы алып, 2 тігін машинкасын іске қосқан.

Негізінде ол қазақы ою-өрнегі мол камзол, көйлек, нымша және қыз жасауын тігеді.


«Үш балашағам бар. Үйде бос отырмауды ойлап, отағасымен ақылдасып, осы кәсіпті аштық. Тапсырыс жаман емес. Жаздың күндері әсіресе қыз жасауларына сұраныс көп болады. Ал қыстың күні көктемгі сатылымдарға заттар дайындаймын. Айына шамамен 40-50 мың теңге көлемінде табыс табамын. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтсем деген арманым бар», — дейді Сурая Размухаммадқызы.

Отағасы Әбибулла Мақсатұлы да жұмысбасты. Ол бүгінде жергілікті шаруа қожалықтың бірінде жұмыс істейді. Айтуларынша, бұл отбасы Жаңаауыл округі Интер ауылынан көшіп келген.

Ал жетісайлық Усманқұловтар шағын наубайхана ашып, табысын молайтып отырған әулет. Наубайхана ұстауды атакәсібіміз дейді. Бүгінде ерлі-зайыпты Нұрлан мен Жадыра «Күлпаршын» базарынан шағын нысанды жалға алып, жұмысын жандандырып үлгерген.

«Біздің шағын цехымызда нан өнімдерінің 10 түрі өндіріледі. Атаулы көмектен алған 382 мың теңгемізге пеш сатып алдық. Әзірге әйелім екеуміз барлық тапсырыстарды қабылдап, пісіріп берудеміз. Қосымша жұмысшы алуға әзірге ертерек секілді. Айына шамамен ас-ауқаттан бөлек, 100 мың теңге көлемінде пайда табамыз», — дейді Нұрлан Усманқұлов.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x