Сарыағаш ауданында жылыжайлар саны жылдан-жылға көбейіп келеді

Dalanews 14 қар. 2018 12:00 269

Бұл өз кезегінде жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін шетелдік нарыққа шығаруға жол ашып отыр. 

Жылыжай шаруашылығы Сарығаш ауданында жылдан жылға көбейіп, жалпы көлемі бойынша да, алынған өнімі бойынша да елімізде көш ілгері тұрған сала. Бұл бір жағынан аудан экономикасына да оң ықпал етіп отырғаны жайы бар.

Атап айтар болсақ, 2007-2008 жылдары Жартытөбе мен Дербісек ауылдық округтерінде 32,5 гектар жерде ғана жылыжай болған болса, одан кейінгі жылдары жылыжай 21 ауылдық округте салынып, көлемі 664 гектарға жетті.

Осы жылыжайлардан өткен жылы 120 мың 273 тонна өнім алынған екен. Оның ішінде 99 мың тоннадан астамы қызанақ, 21205 тоннасы қияр. Әр гектардан алынған өнімнің орташа түсімділігі 1866,6 центнерді құрады.

Сондай-ақ ауданда жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша шеберлік сабақтары өтіп тұрады. Онда мамандар жабық топырақта қызанақ, қияр, бау- бақша өнімдерін қалай молынан алуға болатынын және жылыжайды қалай салуды, материал, тұқым, тыңайтқыштар таңдағанда не нәрсеге назар аудару қажеттігін үйретеді.

Айта кетейік, облыста жылыжай көлемі өткен жылы 212 гектарға артып, жалпы 1 335 гектарға жетті. Жылыжайлардан алынған өнім негізінен Қазақстанның солтүстік аймақтары мен Ресей Федерациясының көптеген қалаларының көкөніске деген мұқтажын қамтамасыз етіп отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x