Жетісай қаласына жаңа әкім тағайындалды

Dalanews 26 қар. 2018 11:18 540

Бүгін Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Маханбетов қала активіне Жетісай қаласының жаңа басшысын таныстырды. Сайлаудан ең көп дауыспен жеңіп шыққан Тұрышбек Күлішұлы Елшібаев Жетісай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мақсат Жолдасбековтің өкімімен жеке еңбек шартына сәйкес міндетті арнайы тексеруден өткенге дейін Жетісай қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.

Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Маханбетов Жетісай қаласының басшысына жаңа мақсат-міндеттер жүктеліп отырғанын және осындағы қордаланған мәселелеріді шешуге бар күш-жігерін жұмсауға шақырды.

Тұрышбек Күлішұлы Елшібаев ОҚО, Мақтаарал ауданы, Құрбан ата ауылында 1961 жылы дүниеге келген. Ауыл мектебінде онжылдык білім алған. 1984 жылы Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтын, 2006 жылы Мақтаарал гуманитарлық-экономикалық және агробизнес колледжін, 2014 жылы Шымкент университетін ғалым-агроном мамандығы бойынша бітірген. Ол малдәрігері және агроном мамандықтарына ие.

Т. Елшібаев еңбек жолын 1984 жылы сол кездегі Шымкент облысы, Жетісай ауданы, «Красная звезда» кеңшарында аға мал дәрігері болып бастаған. 1987 жылы аталған кеңшарда ферма меңгеруші және 1991 жылы бас мал дәрігері қызметтерін атқарған.

1992 жылы Жетісай аудандық малдәрігерлік станциясының бастығы, 1997 жылы іріленген Мақтаарал аудындық станциясының бастығы қызметін атқарды. 1999 жылдан бастап қазіргі таңға дейін ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің Мақтаарал аудандық аумактық инспекциясының басшысы қызметін атқарып келді.

Т. Елшібаев «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 және 20 жылдық», «ҚР Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Мақтаарал ауданының құрметті азаматы. Отбасылы, жанұясында әйелі, 2 бала, 3 қыз бар.

 

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x