Түркістан облысының кептірілген жеміс өнімдері сырт елдерге экспортталуда

Dalanews 14 қар. 2018 09:54 376

Кептірілген жемістер мен көкөністер тамақ өнеркәсібінде кең қолданысқа ие. Сондай-ақ олар жақсы сақталады және көп орынды қажет етпейді. Осындай пайдалы өнімдерді Ордабасы ауданы, Шұбар ауылында орналасқан «Ордабасы Агропромтехника» серіктестігі өндіріп келеді.

Кептірілген азық-түлік түрі мезгіларалық жеміс тапшылығы кезінде халықты жеміс-жидек өнімдерімен үздіксіз және уақтылы қамтамасыз етуде қолайлы.

Сонымен қатар адам ағзасы үшін кептірілген жемістің орасан зор пайдасы жөнінде де айта кеткен жөн болар.

– Біздің шығаратын өнімдер негізінен паприканың, алманың, өріктің, пияздың, саңырауқұлақтың, итмұрынның, долананың кептірілген түрі бар. Шикізатты жергілікті шаруа қожалықтары дайындап береді. Олармен арнайы келісім-шарттар түзілген. Қазіргі күні жиырма шақты шаруа қожалығымен жұмыс істейміз. Жыл сайын алдын-ала тапсырыс беріп, қажетті шикізатты дайындатамыз. Өндіріс көлемі тапсырысқа қарай әртүрлі, бірақ жылдық нормамыз 100 тоннадан кем емес, – дейді шаруашылық басшысы.

Осы кәсібімізді бастау үшін 2016-жылы «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығынан мемлекеттік бағдарлама бойынша 7 жылға 7 пайызбен несие алғанбыз. Мұндай бағдарламалардың артықшылығы – пайыздық үстемесі төмен. Оның үстіне бізге берілген бір жылдық демалысы, яғни төлемді бір жыл өткізіп барып төлеу мүмкіншілігі бар. Банктер қажетті қаржыны 15 пайызбен беретін болса, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы бізге 7 пайызбен беріп отыр. Бұл кәсіпкерлер үшін өте ыңғайлы. Осындай жеңілдетілген несиелер жұмысқа деген құлшынысты арттырып қана қоймай, көп адамды жұмыспен қамтуға да мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда бізде 40 шақты адам жұмыс істейді. Орташа жалақылары 60-100 мың теңге арасында.

Бүгінгі таңда өнімдеріміздің небәрі 5 пайызы ғана Қазақстан ішінде сатылады. Қалғаны Қытай, Украина, Ресей, Үндістан елдеріне экспортқа шығарылады. Елімізде біздің тауарға деген сұраныс бар, бірақ өте төмен. Біз кәсібімізді басында экспортқа жұмыс істеуге дайындалып бастағанбыз, Қазақстан бойынша үлесіміз бес пайызды құрап отырғаны да сондықтан.

Болашақта кәсіпорын сублимациялық, яғни бірден мұздатып, кептіру әдісін ет өнімдеріне дайындауға ниеттеніп отыр екен. Мұның артықшылығы – еттің құрамы толықтай сақталады және оның сақтау мерзімі де ұзарады. Мұндай әдіспен кептірілген ет аздаған су қосылған соң қайта қалпына келе алады.

 

Dalanews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x