«Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасы бекітілді

Dalanews 30 қар. 2018 04:15 251

Елімізде ішкі және сыртқы саяси-әлеуметтік тұрақтылық пен қауіпсіздікті, жалпы қоғамдық тәртіпті, толеранттылықты сақтау мақсатында қауіпсіз қала жобасы мемлекеттік деңгейде қолға алынуда. Осы бағытта Түркістан облысы прокуратурасының тарапынан «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасы дайындалған болатын.

Бүгін облыстық прокуратура мен Түркістан қаласы әкімдігінің бірлескен мәжілісінде «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасын толықтай қаралып, бекітілді. Облыс прокуратурасының тарапына берілген бағдарлама бір айға жуық уақыт аралығында қала әкімдігінде бірнеше рет талқыланып, ұсыныстар енгізілген болатын.

Түркістан облысының прокуроры Н.Әбдіровтың төрағалығымен өткізілген бұл мәжілісте сөз алған қала әкімі Ә.Өсербаев «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасының бағыттары мен маңыздылығына кеңірек тоқталып, «Қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі деңгейін арттыру, сондай-ақ қылмыстар санын барынша азайтуды мақсат еткен бұл бағдарлама қаланың тіршілік қызметін талдау бойынша операциялардың басым бөлігін автоматтандыруға, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын және олардың қалалық қызметтердің жұмысына қанағаттануын арттыратыны сөзсіз» дей келе, қала қауіпсіздігіне қатысты өз тарапынан бірқатар ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.

Мәжіліске облыс прокуратурасының қызметкерлері, қалалық құқық қорғау органдарының қызметкерлері және қала әкімдігінің дербес бөлім басшылары, тиісті мамандары қатысты.

Алдағы уақытта бекітілген бағдарламадағы жобаларды жүзеге асыру бойынша тиісті мекемелерге жауаптылығына қарай берілетін болатын. Ал бұл бағдарламаның жүзеге асырылуы ұлтаралық қақтығыстардың туындау себептерін талдау, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп, экстремизм мен терроризм қауіпі бар сайттарды анықтау, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілік талаптарын арттыру, төтенше жағдайлар саласында талдау жүргізу, адамдар көп шоғырланатын жерлерде төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша профилактикалық шараларды жүргізуде маңыздылығын көрсетіп отыр.

Dalanews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x