Түркістан облысының құрылуы инвесторлар сенімін нығайтты

Dalanews 16 қар. 2018 16:02 225

TURKISTAN арнайы экономикалық аймағы мемлекет тарапынан болашақ инвесторларға жасалған қолайлы әрі оңтайлы бірден-бір қадам. Болашақта Қазақстан Түркістан облысына табыс табу көзі ретінде қарамағаны жөн, халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешуде мемлекет тарапынан бөлінген 1 триллион 300 миллиард теңге жұмсалса, онда инвесторлардың өңірге деген сенімі пайда болып, Turkistan экономикалық аймағы арқылы Түркістан облысына инвестициялардың көлемі еселенетін күн алыс емес.

Елдің бәсекеге қабілеттілігі турасында сөз қозғалғанда, аймақтың экономикалық ерекшелігі мен әлеуетіне басым мән берілуі қажет.

Түркістан облысы, әсіресе Түркістан қаласы бұл ауыл шаруашылығы мақсатындағы аймақ болып саналады. Ауыл шаруашылығы аймақтық өнімнің едәуір бөлігін құрайды. Сондықтан дифференциация, диверсификация және интеграция тетіктерін іске қосу керек. Атап өтсек, дифференциацияда яғни егін аумағының көлемін ұлғайта бермей, оның сапасына көңіл аударып, жаңа технологияларды қолдана отырып, аталған тетікті іске қосуға әбден болады. Кейіннен сол аймақ деңгейінде ғана тұйықталып қалмай, облыс аумағындағы Орталық Азиялық мемлекеттер Өзбекстан, Қырғызстан, Оңтүстік Азиядағы мемлекеттермен, Түркиямен бірлесе отырып, интеграциялық тетікті қолдану арқылы  өркениетке, жаңа технологияларға қол жеткізуге болады.

Түркістанның экономикалық әлеуетін көтеруге қатысты мәселеде философиялық көзқарас керек. Ең бірінші, материалдық байлық па әлде рухани құндылық па деген сұраққа жауап керек. Сондықтан жиырма бес жылдан бері Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің экономикалық құрылымына қарасақ, тоқсан бірінші жылғы көрсеткіштен төмен тұр. Бұрын ауыл шаруашылық үлесі он бір пайызға артқан болатын, жеңіл өнеркәсіп 7-8 пайызға, машина жасау кешені 3-4 пайызға өсті. Солардың бәрі қазір жоқ. Сол себептен, бірінші кезекте сана одан кейін экономикаға келуіміз керек. Яғни заң саласына, мемлекеттік басқару органдарына, соның ішінде прокуратура, сот жұмыстары жүйелі жүріп, жемқорлыққа жол берілмесе құба-құп. Бірінші кезекте сананы алға қойып, одан кейін экономиканы жүргізер болсақ, онда болашақта Түркістан өңірінің гүлденуінде үлкен эволюциялық жаңалық болады деуге негіз бар.

Бауыржан Исабеков, сарапшы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x